Ақтауда жұмысшылардың құқықтарын бірлесіп қорғау туралы Меморандумға қол қойылды

Ағымдағы жылдың 29 – қаңтар күні «Достық үйінде» «Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығының» ұйымдастыруымен аумақтық кәсіподақтар бірлестігі,Маңғыстау облыстық мәслихаты мен облыс көлемінде жұмыс жасайтын саяси партиялар арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою іс-шарасы өтті.
Іс-шараға Маңғыстау облысы Кәсіподақ орталығының, облыстық мәслихаттың, Облыс әкімдігінің басшылары, облыстық прокуратураның, мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының өкілдері, “Аманат”, “Ақжол”, “Қазақстан Халық партиясы”, “Ауыл”, “Жалпы ұлттық социал-демократиялық партия”, “Байтақ”, “Республика”партиялары филиалдарының төрағалары, сондай-ақ аймақтың кәсіподақ жетекшілері мен жұмыс берушілері қатысты.
Аталған құжатқа қол қоюдағы басты мақсат – өңірдегі әлеуметтік – еңбек және қоғамдық тұрақсыздықтың алдын алу, еңбек адамының құқығын қорғауда Қазақстан Республикасы еңбек заңнамаларына өзгерістер енгізуге ұсыныстар жасау. Тараптар осы бағыттағы жүйелі өзара іс-қимыл мен сындарлы ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін екіжақты келісімге келді.
Маңғыстау облысы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы С. Бекқалиев қол қойылған меморандумның маңыздылығын атап өтті.
«Осы жерде отырған әр саяси партия халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда біршама жұмыстар атқарып отыр деп есептеймін. Арамызда бүгін жасалатын өзара ынтымақтастық туралы меморандум арқылы бірге нәтижелі жұмыс атқарамыз деген ойдамын»,-деді өз сөзінде төраға.
Келесі сөз алған облыстық маслихатының төрағасы Ж.Матаев кәсіподақпен халықтың мүддесін көздеуде мақсаттарының тоғысатын тұстары көп екенін алға тартты.
«Бүгінгі облыстық кәсіподақтар бірлестігінің бастамасымен өткізіліп жатқан өзара ынтымақтастық меморандумына қол қою шарасының маңыздылығын баса айта отырып, аумақтық кәсіподақтар бірлестігіне алғысымды білдіремін.Осы меморандум негізінде аумақтық кәсіподақ саяси партиялар филиалдары арқылы өз ұсыныстарын Мәжіліс, Сенат депутаттарына тікелей жеткізуге мүмкіндік алды»,-деді маслихат төрағасы.
Жиын барысында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов және Маңғыстау облысының прокурорының орынбасары Дәурен Медетбеков сөз сөйлеп, бекітілген меморандум өңірдегі әлеуметтік тұрақтылыққа, өзара түсіністікке және еңбек дауларына жол бермеуге қол жеткізудегі ортақ мүдделерді іске асыру үшін зор септігін тигізеді деген сенімін білдіріп, қолдау көрсетті.