Маңғыстау облысының Үйлестіру кеңесі жылдың жаңа бағыттарын айқындады

Осы аптада «Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Үйлестіру кеңесі өтті. Кеңеске салалық кәсіподақтар мен жергілікті кәсіподақтардың төрағалары қатысты. Күн тәртібінде ағымдағы жылдың 31 қаңтар күні, Астана қаласында өткен ҚР Кәсіподақтар федерациясы Бас Кеңесінің 2023 жылғы қорытындылары, 2024 жылды «Лайықты еңбек жылы» деп жариялануына байланысты оның жүзеге асырылу барысы, ҚР Парламенті Мәжілісінде депутаттар бастамашылық жасаған «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңына және Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар мен алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар туралы мәселелер қаралды.

Жиын барысында «Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы С.Бекгалыев қатысушыларға Астана қаласында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы С.Даулеталиннің төрағалығымен өткен Бас кеңестің отырысында көтерілген мәселелерді баяндай отырып, 2023 жыл «Қауіпсіз еңбек жылы» аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясының және аумақтық кәсіподақтар орталығының атқарылған жұмыстары бойынша мағлұмат беріп өтті.

Сонымен қатар, 2024 жылды Кәсіподақтар федерациясы «Лайықты еңбек жылы» деп жариялауына орай, биылғы жылы 2024-2026 жылдарға арналған жаңа Бас келісімге қол қойылғаннан кейін, оның негізінде салалық, өңірлік келісімдер мен ұжымдық шарттар жасасуды және 2030 жылға дейін Қауіпсіз еңбектің жаңа тұжырымдамасын іске асыруды қамтамасыз етуді, еңбек заңнамасын түсіндіру және кәсіподақтың жаңа мүшелерін тарту мақсатында жалпыға бірдей құқықтық оқыту өткізу жоспарын дайындау, кәсіподақ ұйымдары арасында ақпараттық жұмысты белсеңдету, еңбеккерлердің мүдделерін қолдау мақсатында заңнамаларға қосымша өзгерістер енгізуге күш салу керектігін айтып өтті.

Үйлестіру кеңесін қорытындылай келе, ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» Заңына және Еңбек кодексіне облыстың кәсіподақ ұйымдары тарапынан ұсынылған қосымшалар мен өзгерістерді Әлеуметтік әріптестермен (Маңғыстау облысының әкімдігі, Маңғыстау облысының прокуратурасы, Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы және жұмыс беруші) дөңгелек үстел форматында кездесу ұйымдастырып, талқылау және Маңғыстау облыстық мәслихаты және облыстық саяси партияларының филиалдарымен «Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы жасақталған Меморандум аясында Маңғыстау облыстық мәслихаты және облыстық саяси партияларының филиалдарына жеткізу ұсынылды.


Бұдан бөлек, кеңес мүшелері кәсіподақтың күнделікті жұмыс барысында туындайтын өзекті мәселелерді талқылап, олардың шешу жолдарын қарастырды.

Жиын соңында С.Бекгалыев қатысушыларға кәсіподақтар орталығының 2024 жылға арналған жоспарымен таныстырып , алдағы уақытта еңбек адамының құқығын қорғап, оларға лайықты жұмыс жағдайларын қамтамасыз ету жолында ынтымақтастықта жұмыс жасауға шақырды.