Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығында «Yntymaq» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы облыстық филиалы ұйымдастыруымен еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарындағы жұмыскерлерге арналған арнаулы әлеуметтік төлем туралы түсіндірме жүргізілді.
Жиынға Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті,“Мемлекеттік сақтандыру қоры” АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының,«Аmanat» партиясы, Қызылорда облысы филиалының азаматтарды қабылдау секторының, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ өкілдері, Yntymaq салалық кәсіподағының мүшелік ұйымдары кәсіподақ төрағалары мен белсенділері, жұмыс берушілер қатысты.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген аталған төлем туралы мәселенің өзектілігі және жаңа әлеуметтік төлем бойынша жұмыскерлердің ақпараттануы маңыздылығына тоқталған аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев еңбек жағдайлары бойынша жаңа жобалардың ұсынылып, жүзеге асырылуындағы кәсіподақтар ролін атап өтті.
Мамандардың түсіндіруі бойынша, әлеуметтік төлемдерді қаржыландыру төлемді ресімдеу сәтіндегі зиянды жағдайлардағы жұмысқа байланысты төрт не екі қаржыландыру көзінен жүзеге асырылатын болады.
Арнаулы әлеуметтік төлем проактивті түрде, яғни жұмыскерлердің өтінішінсіз тағайындалады және «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ ресімдейтін төлем тапсырмасы негізінде бірыңғай төлеммен жұмыскердің банктегі шотына түседі.
Төлем мөлшері төрт көзден алынған жағдайда орта есеппен шамамен 208 мың теңгені құрайтын болады.
Жұмыскер зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемдер алады. Зейнетақы тағайындалғаннан кейін төлемдер тоқтатылады.
Арнаулы әлеуметтік төлемдер еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерді қорғау құралдарының бірі болып табылады. Сондықтан төлем алушы еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыса алмайды.
Бұл ретте арнаулы әлеуметтік төлем алу үшін жұмыскер жұмыс берушімен келісу бойынша сол кәсіпорындағы еңбек жағдайлары зиянды емес басқа жұмысқа ауысуды ресімдеу немесе кәсіпорыннан тыс еңбек жағдайлары зиянды емес басқа жұмысқа өз бетінше орналасу немесе еңбек қызметін тоқтату шарттарының бірін таңдауы тиіс.
Арнаулы төлем бойынша жиынға қатысушы кәсіподақ белсенділерінің сұрақтарына мамандар жауап беріп, аталған жаңа төлемнің есептелу әдістерін түсіндірді.