Білім беру саласында жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы ашылды

Жуырда Атырау облысы Білім басқармасының балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-практикалық орталығы жанынан бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. 2024 жылдың 22 қаңтары күні құрылған орталықтың негізгі мақсаты – облыс көлемінде білім беру ұйымдарындағы тәрбие, спорт, туризм, алғашқы әскери және технологиялық дайындық, қосымша білім беру, қоғаммен байланыс орнату, психологиялық қолдау, зерттеу, сараптау бойынша әдістемелік жұмысты үйлестіру.

Сондай-ақ, ұлттық мұраға құрметпен қарайтын, салауатты, зияткерлік тұрғыда бәсекеге қабілетті, толыққанды және үйлесімді дамыған тұлғаны «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде тәрбиелеу  ісінде білім беру ұйымдарын ғылыми, әдістемелік қолдауды жүзеге асыру болып табылады. Осы мақсатта білім беру мекемесінде 8 бөлім құрылып,  40-қа жуық педагог қызмет атқарады.  Қаңтар айында өткен облыстық ХХХ конференция қорытындылары және жиынға арналып шығарылған кітаптар мен «Ұстаздық еңбек» газеттері таратылды.

Кездесу барысында «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы мен бірлестіктің бас маманы Зауре Бекмұхамбетова ұжым мүшелерімен кездесіп, қатысушыларды кәсіподақ жұмысымен таныстырып, жүргізіліп жатқан іс-шаралар, жарақаттанудың алдын алу бойынша іске асырылып жатқан жобалар, еңбек жанжалдарының алдын алу және шешу жөніндегі шаралар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сондай-ақ жұмыс беруші мен қызметкерлердің өкілі арасындағы құқықтық құжат болып табылатын ұжымдық шарт жасасу жөніндегі ақпаратты баяндады.

Кәсіподақтардың ұжымдағы рөлі, келісім комиссиясының жұмысын ұйымдастыру, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер туралы сұрақтарға жауаптар берілді.

Жиналыс барысында білім беру мекемесінің барлық  қызметкерлері кәсіптік ұйымға бірауыздан мүше болуға тілек білдіріп, ұйымның төрағалығына есімі аймаққа танымал ұстаз Сания Махамбетова сайланды, 40-тан астам қызметкер кәсіподақ мүшелері болды, жақын арада жаңа кәсіподақ көшбасшысын оқыту және Ұжымдық шарт жасасу бойынша ұжымдық келіссөздерді бастау жоспарлануда.

«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі, баспасөз қызметі