Бопырбаева Самал – Алматы қаласы №58 жалпы білім беретін мектептің тарих пәнінің мұғалімі.Жалпы еңбек өтілі 22 жыл, оның 10-ы осы мектепте. Шәкірттері ел экономикасының түрлі салаларында еңбек етуде. Кейбіреулері Самал апайының жолын құып, мұғалім болып жұмыс істейді.
Заманауи мұғалім, адал ұстаз қандай болуы керектігі туралы өз көзқарастарымен Самал Бопырбаева бөліседі: бала күнімде мұғалім болуды армандадым. Оған себепкер – мектепте тарих пәнінен сабақ берген Кенжебаев Қайнолла ағай. Ағайдың ойын жеткізіп, сөзін өткізіп, оқушыға талап қоя білетін қасиеті ерекше әсер етті. Ақыры, сол арманым тағдырыма айналды. Университетті бітіріп, мектепке мұғалім болып келгенде мені тәлімгерлікке баулыған «Ұстаз бақыты» кітабының авторы, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі Орынша Қарабалина апай болды. Өмірде ол кісіні бір-ақ рет көріп, амандасқаным болмаса тікелей араласқан емеспін. Бірақ, ол кісі мені өзінің кітабындағы ізгі ойларымен мәпеледі. Мен үшін міне, осындай аяулы жандар – адал ұстаздар.
Шынында да, адал ұстаз қандай болуы керек? Әлбетте, сөзі мен ісі сәйкес келетін адам болуы тиіс, оқушыларға берген уәдесін бұлжытпай орындауы шарт, өз шәкірттеріне ізгі тұлғаға тән үлгі-өнеге көрсету – ұстаздың парызы, педагогикалық миссиясы. Ал педагогикалық адалдық деген не? Ұстаздың өзіне, өз кәсібіне деген адалдығы, алдына қойған мақсатына жететін күрескерлігі, әрдайым әдеп сақтап, әділ қадам жасап, ізгілік танытуы деп білемін. Ұстаздық қызметке кіріскен уақыт аясында менің түсінгенім: әрқашан, әрдайым алға жетелейтін көшбасшы, өз қызметінің құзіретінде кез- келген істің тетігін табатын заманауи интеллигент маман, ал ең бастысы, кішіпейіл, қарапайым және елдің қамын ойлайтын патриот болу – парыз.
Педагог еңбегінің ең нәзік, ең күрделі қыры – оқушылардың бойына тектілік пен адалдық қасиеттерді сіңіру. Бұл абыройлы істі бір өзім атқара алатын кемел кемеңгер кісі емеспін. Сондықтан да бұл ретте, әрқашан «Жақсыдан – шарапат» деген қағиданы ұстанамын. Әр оқу жылының аясында жоспарлы түрде өз ісінің шебері, ел намысын қорғаған қаһарман, талантымен танылған тұлғаларды мектепке шақырып, кездесулер өткізіп, сол кісілердің бойындағы ізгі қасиеттерді сіңіруіне жол ашамын. «Ата-ана, оқушы, ұстаз» үштігінің бірлесіп мақсатқа жетуі үшін арнайы мамандардың қатысуымен семинарлар мен вебинарлар ұйымдастырамын.
Өткізілген іс-шаралар «Ұлан» газетінде тұрақты жарияланып тұрады. Оқушыларды өз ойын ашық айтатын, болашаққа батыл қадам жасай алатын, елінің ертеңіне үлес қосатын азамат етіп тәрбиелеу- біздің құзырымыздағы саналы тәрбиенің жемісі. Ұшқан ұямда ата-анам ылғи айтып отыратын «Жасынан көргені жоқтың есейгенде айтары жоқ» деген мақал көкейімнен кетпейді. Оқушының бойына тектілік ата-анадан келеді. Егер ондай қасиет көрінбей жатса, баланың болашаққа алған бағытын тәрбие арқылы өзгертуге болады. Шәкірт жетістігін көріп қуану – бір бақыт. «Тәрбие дәні жүректерінен гүлдеп шықса екен» деп армандаймын.