БҚО кәсіподақтары 2024 жылдың жоспарлы қадамдарын айқындады

Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Кеңес отырысына облыстың барлық кәсіподақ ұйымдарының басшылары мен өкілдері және кәсіподақ белсенділері қатысты.Өңірдің кәсіподақтары Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің 2024 жылғы 31 қаңтардағы отырысының қорытындыларын қарап, алдағы кезеңге жоспарларын белгіледі.

Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының төрағасы Айгүл Есекенова Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының 2023 жылғы қызметі туралы есебімен таныстырып, Лайықты еңбек жылында атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталып, қысқаша мәлімет беріп өтті. Атап айтсақ, кәсіподақ идеологиясы, әлеуметтік әріптестікті нығайту, еңбек қауіпсіздігін арттыру, еңбек жанжалдарының алдын алу шаралары бойынша, заң клиникасын жүйелеу, тиімділікті арттыру бағыттарында атқарылған жұмыстарға ерекше тоқталып, мақсаттармен таныстырды. Сонымен қатар, халықаралық ынтымақтастықты нығайту арқылы, өзара тәжірибе алмасып, еңбек қатынастарын нормаға сай реттеу бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде мәлімет берді.

“Біз қызметкерлерді лайықты еңбек жағдайларымен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты күшейтеміз. Бұл жұмыс орнындағы қауіпсіздік, лайықты жалақы және тиімді әлеуметтік қолдау”, – деп атап өтті Айгүл Есекенова.

ҚРКФ тарапынан гендерлік саясат пен жастар саясатына көп мән беріледі. 2023 жыл бойына осы бағыттар бойынша қарқынды жұмыс атқарылды. Лайықты еңбек жылында да аталған бағыттар басты назарда болмақ. Сонымен қатар, А.Есекенова бүгінгі таңда ақпараттандыру көзі-әлеуметтік желілер болғандықтан, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелері Кәсіподақ жаңалықтарынан хабардар болуы үшін барлық ресми парақшаларға жазылуды қолға алуды салалық кәсіподақ мамандарына тапсырды.

Жиын соңында салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының төрағалары «2024 жыл-Лайықты Еңбек жылы» аясында іс-шаралар жоспарындағы маңызды шараларды атап өтіп,сол бойынша қарқынды жұмыстар атқарылатындығын жеткізді.