Коммуналдық шаруашылық жұмыскерлерімен кездесу өтті

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясымен бекітілген «2024 жыл –Лайықты еңбек жылы» және «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» науқаны шеңберінде кәсіподақтардың «Қызылорда су жүйесі» коммуналдық кәсіпорыны жұмыскерлерімен кездесуі өтті.

Коммуналдық кәсіпорынның бас тоған су алу имаратындағы кездесуде Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов пен Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағының облыстық филиалы төрағасы Серік Мырзаханов жұмыскерлермен еңбек ұжымындағы әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелері туралы, еңбек жағдайы мен еңбек қауіпсіздігі сұрақтары бойынша пікір алмасты.

«Еңбек тиімділігін арттыруда жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің ынтымақтастық қызметтерінің маңызы зор. Кәсіподақтар Федерациясы биылғы жылды Лайықты еңбек жылы деп айқындады. Кәсіподақтар әлеуметтік әріптестермен бірлесіп еңбек қатынастары саласын дамыту мақсатында жұмыстар атқарады, ол -әлеуметтік әріптестікті нығайту, жұмыскерлерге лайықты еңбек жағдайларын жасау мен жұмыскерлерді әлеуметтік қорғауды жақсарту бағыттары. Бұл ретте коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің де еңбек қатынастары мәселелері үнемі назарда болады. Еңбек жағдайына мониторинг жүргізу облыс әкімдігі мен жұмыс берушілер және облыстық кәсіподақтар орталығымен жасалған Меморандумда да қамтылған», – деді кездесу барысында Марат Бәйімбетов.

Еңбек ұыжымына облыстық салалық кәсіподақ төрағасы Серік Мырзаханов салалық келісім мен кәсіпорындағы ұжымдық шарт талаптары мен оның орындалу тұрғысында түсіндірме берді. Жұмыскерлер еңбек заңнамасының жаңалықтары, ұжымдағы кәсіподақ ұйымы жұмысы жоспарлары, еңбек қауіпсіздігін ұйымдастыру мәселелері туралы сұрақтар қойып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.