Биыл Ауғанстан жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына 35 жыл. Соғыс отының сөндіріліп бейбіт күннің байрағы желбіреген осынау күнге орай Ақтөбе ферроқорытпа зауытының бір топ интернационалист жауынгерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен қаламыздың №47 орта мектебі және «Смарт білім» мектеп оқушыларымен жүздесіп, патриоттық тәрбие жөнінде әңгіме өрбітіп, өткен күндердің естеліктерімен бөлісті.
Жылдағы дәстүр бойынша кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен Ауған соғысы және Тәжік- Ауған қақтығысының ардагерлері қаламыздағы орта білім беретін мектеп оқушыларымен жүздесті. Оқушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыратын тағлымды шара барысында ардагерлер өздерінің азаматтық борышын өтеу кезіндегі қиын кезеңдерді, жауынгерлердің ерлігі мен жау әскерлерінің қақтығыстарынсонымен қатар есте қалған қызықты сәттерді әңгімеледі. Мектеп шәкірттері де өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды. Ал интернационалист жауынгерлер жас ұрпақ өкілдеріне Отанды, жерді, елді қорғаудың маңыздылығы жайлы ескертті. Сондай-ақ, Отан алдындағы азаматтық борыштарын өтеу басты міндет екендігін тілге тиек етті.
“15 ақпан Ауғанстан жерінен Кеңес әскерінің шығарылған күнін ерекше атап өтеміз. Қиын күндерде бір-бірімізге қамқоршы бола білдік. Аман-сау елге оралып, жыл сайын кездесіп, майданнан қайтпаған достарымызды еске аламыз. Ал қаламыздағы мектеп оқушыларымен кездесіп оларға патриоттық тәрбие беру, Отан алдындағы борышын абыроймен атқару, елін, жерін қорғаудың маңыздылығын айту біздің парызымыз деп есептеймін. Сондықтан жылына бір рет болсада жастармен кездесіп, ой бөлісеміз” , – дейді Ауған соғысының ардагері Арыстанғали Таипов.
Шара соңында соғыс интернационалистеріне ақшалай сыйлықтар, естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етілді.