Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясының ұжымы бүгін жаңартылған ұжымдық шартты қабылдады. Жаңа құжат ERG-дің типтік шартына негізделген. Оның ерекшелігі – екі саланың өкілдеріне яғни, кеншілер мен энергетиктерге арналуында.
Жұмыс тобы өкілдерінің айтуынша, құжаттың жаңа нұсқасында өнеркәсіп қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға баса көңіл бөлінді. Атап айтқанда, қызметкерлердің денсаулығына қамқорлық жасау мақсатында орталық сумен қамтамасыз ету жүйесінен алыс орналасқан жұмыс орындарында ауыз су режимі қамтамасыз етіледі.
Кәсіби мерекелер – Кеншілер күні мен Энергетиктер күні жұмыс істейтін персоналдың еңбегіне ақы төлеуге қатысты ережелер де өзгерді. Енді жұмыскерлер аталған мерекелерде жұмыс істеген күндері үшін мемлекеттік мереке күндерімен теңестірілген мөлшерде жалақы алатын болады.
Ана мен баланың денсаулығын сақтау қамында 18 күнге созылатын жүкті әйелдерге арналған қосымша ақылы әлеуметтік демалыс қарастырылған. Бала бір жасқа толғанға дейін 3 000 теңге мөлшеріндегі төлемдер бала тууына байланысты 15 АЕК мөлшеріндегі біржолғы төлемге ауыстырылды. Енді оған ата-анасының бірі, оның ішінде әкесі де үміткер бола алады. Ал даму ерекшелігі бар балалардың ата-аналарына 3 АЕК мөлшерінде арнайы ай сайынғы төлем беріледі.
2011 жылға дейін үш дәрежелі «Шахтер даңқы» және «ҚР Құрметті энергетигі» төсбелгілерімен марапатталғандар немесе 2011 жылдан кейін «Электр энергетикасы саласын дамытуға сүбелі үлес қосқаны үшін» медалінің және үш дәрежелі «Шахтер даңқы» төсбелгісінің иегерлері зейнетке шыққан кезде зейнетақыға 15% мөлшерінде ай сайынғы қосымша ақының орнына 300 АЕК немесе 1 млн теңгеден астам біржолғы төлем алады.
«Ұжымдық шартты қабылдау – қызметкерлердің әл-ауқатына ғана емес, біздің кәсіпорымыздың болашағына нығайтады. Ұжымдық шарт кәсіпорын мен қызметкерлер арасындағы өзара іс-әрекеттерінің анық шекарасын белгілеуге мүмкіндік береді. Құжатта кикілжіңдерді шешу жолдары, қауіпсіздік пен еңбек жағдайларының стандарттары, сондай-ақ, әлеуметтік кепілдіктер айқындалды», – деді «ЕЭК» АҚ бас директоры Дүйсен Мерғалиев.
Кәсіпорын басшысы жаңартылған ұжымдық шарт заманаға сай және кез-келген қиындықтарды еңсеруге әрі мықты, ұйымшыл ұжым құруға сеп боларына сенім білдірді.
Осыған дейін қолданыста болған ұжымдық шарттың тармақтарын өзгерту шамамен сегіз ай талқыланды. Келіссөздерге тепе-теңдік негізінде құрылған жұмыс тобы тартылды, оның құрамына жұмысшылар мен кәсіпорын әкімшілігінің алты өкілінен кірді.
«Келіссөздер қиын болып, кейде тығырыққа тірелді. Бірақ нәтижесінде біз ортақ шешімге келдік. Ұжымымыз үшін маңызды жеңілдіктер жаңа ұжымдық шартта сақталады және кейбір сәттерде жақсартылады. Мәселен, қазір барлық төлемдер АЕК-ке байланысты болады, инфляцияны индекстеу арқылы олар жылдан-жылға өседі», – дейді «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясы кәсіподақ ұйымының төрағасы Әділет Әбішев.
«ЕЭК» АҚ филиалы – «Шығыс» кеніші кәсіподақ комитетінің төрағасы Василий Давыденко әріптесінің сөзін қолдады.
«Бірінші шарт 2013 жылы бекітілді. Сол кезде бізге ол – «ең үздік ұжымдық шарт» болып көрінді. Бірақ уақыт өтіп жатыр, бәрі өзгеріп жатыр. Бүгін мен жаңа ұжымдық шарт қолданыстағы құжаттан асып түсті деп мақтанышпен айта аламын. Барлық жеңілдіктер мен өтемақылар сақталды, жаңалары қосылды», – деп түсіндірді кәсіподақ басшысы.
Жаңа шарт 2024 жылғы 1 наурыздан бастап, 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі бес жылды қамтиды.