Жамбыл облысындағы әлеуметтік серіктестер 2024 жылға арналған бірлескен жұмыс жоспарын қабылдады

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Комиссия отырысына облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы, салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, жұмыс берушілердің өкілдері сондай-ақ бейнебайланыс арқылы барлық аудан әкімдері қатысты.
Бұл жиында, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысының 2024 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді және Жамбыл облысында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша 2024-2026 жылдарға арналған «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы мақұлданып бекітілді.
Сонымен қатар, еңбек қатынастарын реттеу, жалақыны  уақтылы төлеу, лайықты еңбек жағдайларын жасау, еңбек дауларының алдын алу мен әлеуметтік еңбек саласын цифрландыру мәселелері қаралды. Бұл бағыттағы жұмыстар бойынша Тараз қаласы және аудан әкімдерінің есептері тыңдалды.
Өңірдегі Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов 2023 жылы атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның мәліметтері бойынша, мемлекеттік еңбек инспекторларымен өткен жылы 149 тексерулер жүргізіліп, 177 заң бұзулықтар анықталып, жұмыс берушілерге орындалуы міндетті 72 нұсқама берілген. Өткен жылы облыстың 1544 кәсіпорны  37941 жұмыскердің жалақысын орта есеппен 19,5 пайызға көтерген.
Әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық және аудандық үшжақты комиссияның 130  отырысы өтіп, онда 159 мәселелер қаралып,  1550 жұмыскердің еңбек құқығы қорғалған.
Бүгінгі күнге Жамбыл облысы бойынша 18 кәсіпорында «Vision Zero» нөлдік жарақат концепциясы, 13 кәсіпорында «Халықтық  бақылау» жобалары енгізілген.
Кездесуде сөз алған облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов облыстық үшжақты комиссияның отырысын, кәсіподақ ұйымында және өндірістік кәсіпорындарда көшпелі түрде кезекпен  өткізуді  ұсынды.

Оның айтуынша, облыстың бірқатар ірі және орта кәсіпорындарының басшылары қызметкерлердің кәсіподақ ұйымын құруына кедергі жасайды. Осыған байланысты Бағлан Қарашолақовтың пікірінше, облыс деңгейінде әлеуметтік серіктестермен бірлесіп ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.

Комиссия отырысын қорытындылай келе, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Кәсіподақ орталығы төрағасының үшжақты комиссия отырыстарын өткізу форматы бойынша ұсынысын, оның ішінде сыртта да қолдайтынын мәлімдеді. Ол аудан басшылары мен бейінді мемлекеттік органдарға жалақы бойынша берешек мәселелерін жүйелі түрде шешуді, өңір кәсіпорындарында әлеуметтік тұрақтылықты сақтау бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.