«ТрубРемЦентр» ЖШС мен компанияның еңбек ұжымы арасында 2024-2026 жылдарға арналған Ұжымдық шартқа қол қойылды. Құжатқа «ТрубРемЦентр» ЖШС бас директоры Жандос Ғазиз және кәсіпорынның бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бақытжан Меретаманов қол қойды.Қол қою рәсіміне «YNTYMAQ» салалық кәсіподағының заңгері Жандос Құсайынов пен «YNTYMAQ» салалық кәсіподағының Маңғыстау филиалы төрағасының орынбасары Азамат Жапаров та қатысты.
Ұжымдық шартқа қол қою алдында еңбек ұжымы арасында кеңінен талқылаулар өтті. Құжаттың жаңа нұсқасын әзірлеуге бірнеше ай қажет болды.
Ұжымдық шартта, әзірлеушілердің айтуынша, компанияда бұрынғы құжатта көзделген барлық әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер сақталып, жаңа ұстанымдармен нығайтылды.
Жұмыскерлер өкілдерінен еңбеккерлерге әлеуметтік кепілдіктерді күшейту бойынша жалпы 17 ұсыныс түсіп, оның ішінде сындарлы диалог нәтижесінде құжатқа 7 негізгі тармақ енгізілді.
Ұжымдық шарттың негізгі жаңа нормаларының бірі кәсіпорындағы отбасылық мұрагерлік болып табылады. Бұл тың идея еңбеккерге денсаулығына байланысты немесе зейнеткерлік жасқа жеткенде өз жұмысын жалғастыра алмайтын жағдайларда жұмыс берушіге отбасы мүшесін жұмыс орнына қабылдау туралы өтінішпен жүгінуге мүмкіндік береді.
Еңбеккерлердің әл-ауқатының деңгейін арттыру мақсатында Ұжымдық шартта жұмыс уақытының жиынтық есебінің жүйесін ішінара өзгерту шаралары көрсетілген.
Ұжымдық шартта жұмысшы кәсіптер бойынша разряд беру туралы ереже де бар. Бұл тәсіл қызметкер жалақысының деңгейін оның тәжірибесі, білімі және біліктілігі деңгейіне қарай әділ бөлуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жұмыстың сипатына, күрделілігіне және зияндылығына байланысты қызмет көрсету аймағын кеңейту үшін 15%-дан 50%-ға дейін қосымша ақы төлеу градациясы қарастырылған. Бұрын бұл қосымша төлем жұмыс түрі мен көлеміне қарамастан 15 пайызды құрайтын.
Еңбеккерлерге мерекелік сыйлықақы төлеу бөлігінде де ең төменгі әлеуметтік пакет ұлғайтылды (8 наурыз – 15 АЕК, Наурыз мейрамы – 25 АЕК, кәсіби мереке – 33 АЕК, Тәуелсіздік күні – 25 АЕК).
Тағы бір маңызды жаңалық 4 және одан да көп баласы бар қызметкерлерге негізгі демалысқа қосымша 2 күнтізбелік күндік әлеуметтік демалыс болды.
Әлеуметтік әріптестер еңбеккерлердің денсаулығын жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударды. Жаңа нормалардың ішінде жұмыс берушінің жұмыскерге Маңғыстау облысындағы санаториялық-курорттық сауықтыру орындарына бару құнының 70 пайызын өтеу міндеттемесі қарастырылған. Сондай-ақ, еңбеккерлерге жолдама бөлу квотасы 3-5 бірлікке ұлғайтылды.
Әлеуметтік әріптестер еңбек ұжымын маңызды құжатқа қол қоюымен құттықтап, келіссөздерге қатысушылардың барлығына алғысын білдірді. «ТрубРемЦентр» ЖШС кәсіподақ ұйымы еңбеккерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін әлеуметтік диалогты дамыту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруға ниетті.
Жұмыскерлер мен компания басшылығы арасындағы қолданыстағы келісім аясында кәсіпорында өндірістік процестерді жаңғырту шаралары жүргізілуде. Оның үстіне компания әкімшілігі болашақта 60-тан астам жұмыс орнын ашатын жаңа өндірістік цех ашуға шешім қабылдады.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы «ТрубРемЦентр» ЖШС Ұжымдық шартының жоғары әлеуметтік бағдары республикалық «Парыз» байқауының «Үздік ұжымдық шарт» аталымы бойынша жоғары марапатымен марапатталды.
Анықтама үшін: «ТрубРемЦентр» ЖШС – Маңғыстау облысындағы құбыр өңдейтін және өндіретін мамандандырылған кешен. Компания Қазақстандағы жетекші кәсіпорындардың бірі болып табылады. «Трубремцентр» ЖШС жұмыскерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы 2020 жылдың қазан айында құрылған және «YNTYMAQ» салалық кәсіподақ ұйымының құрылымдық бөлімшесі болып табылады.