Құрылыс кешені мен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағының мүшелік ұйымы – «Астана-Көгалдандыру құрылысы» ЖШС қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағында есептік конференция өтті.
Конференцияға «Астана-Көгалдандыру құрылысы» ЖШС-нің барлық өндірістік учаскелерінен сайланған 30 делегат, кәсіподақ мүшелері мен мүшелері емес кәсіпорынның 20-дан астам қызметкері және жұмыс беруші мен салалық кәсіподақтың шақырылған өкілдері қатысты.
Өз сөзінде «Астана» қалалық филиалының төрайымы Тілеулес Мадьярова конференцияға қатысушылардың назарын ҚР Кәсіподақтар федерациясы қызметінің стратегиясын іске асыруға, 2024-2026 жылдарға арналған Салалық келісімнің негізгі мәселелеріне аударды және филиалдың 2023 жылғы жұмыс қорытындыларымен таныстырды.
«Астана-Көгалдандыру құрылысы» ЖШС жергілікті кәсіподақ төрағасы Рүстем Токходжаев кәсіподақ ұйымының 2023 жылғы атқарған жұмысы туралы есеп берді, әлеуметтік кепілдік беру бөлігінде Ұжымдық шарт талаптарының орындалуына егжей-тегжейлі тоқталды. Есепті кезеңде кәсіпорынның кәсіподақ ұйымы бес күндік жұмыс аптасына, зиянды еңбек жағдайларында жұмыскерлерді сүтпен қамтамасыз етуге, республиканың бес санаторийінде жолдамалар сатып алуға, бала туылған кезде, ауыр және ұзақ сырқаттанған кезде материалдық көмек мөлшерін ұлғайтуға қол жеткізді.
Жиында сөз сөйлеген жасыл құрылыс қызметінің шебері Нұржан Маукен мен тәлімбақтың қызметкері Мұхитдин Балтабеков кәсіподақ ұйымының жұмысына оң баға берді. Бағаның көтерілуіне қарамастан, тәлімбақ жұмыскерлерінің 20 баласы кәсіподақ есебінен балалар лагерьлерінде демалғаны айтылды.
Конференция кәсіподақтың 2024 жылға арналған кірістері мен шығыстарының сметасын бекітті, тексеру комиссиясының жаңа құрамы мен қалалық конференцияға делегаттар сайланды.
2024 жылғы 1 қаңтарға кәсіподақ мүшелерінің саны «Астана-Көгалдандыру құрылысы» ЖШС-де 540 адам болды, ағымдағы жылдың қаңтар – ақпан айларында 131 жаңа мүше қосылды. Бұл жұмыскерлердің кәсіподақ ұйымының қызметіне сенім танытқанын білдіреді.