Кәсіподақ негізі – бастауыш ұйым

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбілқайыр Сотқаров өткен жылғы жұмыстарының есебі және ұжымдық шарт бойынша атқарылған игі істері бойынша есеп берді. Есеп беру жиналысына кәсіподақ белсенділері және зауыт директоры Ержан Абдулабеков қатысты.


Бүгінгі таңда 4 мыңнан астам еңбек адамдары кәсіподақ ұйымының мүшесі. 20 цех, бөлімшелерде кәсіподақ ұйымының төрағалары өздерінің жұмысын жандандырса, 33 техникалық инспекторлар өндірістегі техника қауіпсіздігін болдырмау мақсатында еңбек етіп келеді. Аталмыш зауытта жұмысшылардың мүддесі үшін кәсіподақ ұйымы мен белсенділері аянбай еңбек етуде. Жыл сайын жұмыскерлердің жалақысы көтеріліп келеді. Жұмыскерлердің кезекті демалыстарын ұтымды пайдалану, емделуіне, сауықтырылуына жағдай жасау кәсіподақ ұйымының жарқын істерінің бірі.Кәсіподақ ұйымына қарасты «Ферробалқытушы» спорт клубы және 900 астам мүшесі бар Ардагерлер кеңесінің тыныс – тіршілігі өз алдына бір төбе.

Сонымен қатар «Металлург», «Лотос Ақтөбе», «Тарлан Секьюрити» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестер және «Еуразия» медициналық орталығы, 2023 жылдың аяғында кәсіподақ ұйымының қатарын «Сервис» ЖШС толықтырды.


Ұжымдық шарт жұмыс беруші мен жұмыскерлердің мүддесін қорғайтын негізгі құжат болып табылады. Өткен жылдың қазан айынан бастап жаңартылған, толықтырылған«Қазхром ТҰК» АҚ 2023-2027 жылдарға арналған жаңа Ұжымдық шарт бекітілді. Қазіргі таңда зауыттықтар жаңа ұжымдық шарт бойынша өздеріне тиесілі жеңілдіктерді пайдаланып отыр.

Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбілқайыр Сотқаров жұмысшылардың игілігі үшін жүзеге асырылып жатқан шараларға кеңінен тоқталды. Әлеуметтік маңызы ерекше мәселелер жайлы, 2023 жылы ұжымдық шартта көрсетілген жеңілдіктер мен мүмкіндіктердің орындалуын қадағалап, зауыттықтардың өтініш, талап-тілектерін жүзеге асырылуы үшін істеген істерін нақты фактілермен атап өтті.