Орал қаласындағы Кәсіподақ орталығында облыстың салалық және жергілікті кәсіподақтарының басшылары мен мамандары үшін “еңбек заңнамасын қолдану мәселелері бойынша істерді қараудың сот практикасы”тақырыбында оқыту семинары өтті. Дәріскер Батыс Қазақстан облысының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының сот отырысының бас маманы-хатшысы Ақмарал Сәрсенова болды.
Дәріскер еңбек жанжалдарын сотта қарау, негізгі нормативтік-құқықтық актілер туралы егжей-тегжейлі айтып берді, жиі кездесетін дауларды шешу жолдарымен бөлісті. Сондай-ақ сотта жұмыс берушінің талаптарын қарау мәселесінде және еңбек міндеттерін орындау кезінде қызметкерлерге келтірілген залалды өтеу туралы толық ақпарат берді.
Семинар барысында салалық кәсіподақтардың басшылары мен мамандары өз білімдерін еңбек заңнамасы, еңбек қатынастарын реттейтін негізгі нормалар мен қағидаттар туралы жаңа және пайдалы ақпаратпен толықтырды. Еңбек құқықтарын қорғауда, соның ішінде сотқа, төрелік және басқа да мамандандырылған инстанцияларға жүгінуде түрлі тетіктерді қолдану дағдыларын алды. Талаптарды дайындау және ұсыну процесі, дәлелдемелерге қойылатын талаптар және еңбек дауларын қарау тәртібі туралы білімдерін бекітті.
Іс-шараға қатысушылардың өздері атап өткендей, семинар барысында алынған багаж олардың құқықтары бұзылған жағдайда қызметкерлердің мүдделерін тиімдірек қолдауға және қорғауға көмектеседі.
Салалық және жергілікті кәсіподақтардың басшылары мен мамандары өз жұмысында кездескен нақты жағдайларды талқылап, құқықтық қорғау тетіктерін пысықтады.