«Абдуганиев и К» ЖШС-ң қызметкерлерімен кездесу өтті

2024 жыл 28 ақпанда «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек пен Шымкент қаласы автомобиль көлігі және жол мекемелері жергілікті кәсіподағының төрағасы Али Мамедов «Абдуганиев и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметкерлерінің қал жағдайымен танысты.


Жиында Жарқынбек Айдарбекұлы сөз сөйлеп, биыл ҚР Кәсіподақтар Федерациясы 2024 жылды «Лайықты еңбек» деп жариялануына орай, қатысушыларға мекемедегі еңбеккерлер үшін жалақы мен әлеуметтік кепілдіктердің нақты өсуіне қол жеткізу, әлеуметтік әріптестікті нығайту және лайықты жұмыспен қамту, еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қорғауды жақсарту сиықты негізгі бағыттарға тоқталды. Сондай-ақ, техникалық инспекторларының құқықтары мен өкілеттіктері түсіндіріліп, аталған бағыттағы жұмыстар талқыланды.


Салалық кәсіподақ төрағасы Али Агитұлы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау тақырыбы аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қауіпті еңбек жағдайларын алдын-алу жолдарына және кәсіби аурушаңдықтан сақтану түрлеріне тоқталды. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан Республикасы Заңнамасына сәйкес, әрбір қызметкер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сонымен бірге еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес, санитариялық-тұрмыстық жайлармен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге құқылы екені түсіндірілді.


Сонымен қатар, ашық диалог түрінде өткен кездесуде кәсіподақ мүшелері өздерінің көкейіндегі сауалдарын қойып, пікір алмасты.
Айта кетейік, аталған мекемені Бахтияр Абдуганиев басқарады және ол өз кезегінде мекеме еңбеккерлерінің 2024 жыл ақпан айынан бастап жалақының 10 пайызға көтерілгенін айтты. Мекемеде 70 еңбеккер жұмыс істейді. Олардын барлығы кәсіподақ мүшелері болып табылады. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Екатерина Исаева.
Кездесу соңында кәсіподақтар орталығы тарапынан әзірленген Қазақстан Республикасы Кәсіподақ Федерациясы және Шымкент қаласы кәсіподақ орталығының тарихы, құрамы және мақсаттары мен міндеттері туралы флаерлер таратылды.