Қызылорда облысы әкімдігі, «Қызылорда облысының Кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және жұмыс беруші компаниялар арасында еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік-еңбек жағдайын және өндірістік процестерді тұрақтандыру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын және жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумдар жасасу жалғасады.
Бұл туралы ұсыныс аумақтық кәсіподақтар бірлестігінен 28 ақпанда Қызылорда облысы әкімінің міндетін атқарушы Д. Жаналиновтың төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысында білдірілді.
2022 жылы облыстағы 52 ірі, орта кәсіпорындармен аталған Меморандумдар жасалып, келісім аясындағы уағдаластық талаптар орындалуы мониторингы тұрақты жүргізіліп келеді. Комиссия отырысында аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев жасалған меморандумдардың аймақтағы әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелерін реттеудегі тиімділігін атап өтіп, мерзімі аяқталған меморандумдарға талдау жасап, ағымдағы жылы осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды ұсынды.
Облыстық үш жақты комиссия отырысында өңір кәсіпорындарында қалыптасқан еңбек қатынастарының жағдайы, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі өзекті мәселер қаралды.
Сонымен қатар, комиссия отырысында 2024 жылға жұмыс жоспары мен «Orda Glass Ltd» (Орда Гласс ЛТД) жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі шетелдік жұмыскерлерді қазақстандық кадрлармен жоспарлы ауыстыру бойынша 2024 жылға арналған Жол картасы бекітілді.