Лайықты еңбек – лайықты өмір

1 наурыз – Алғыс айту күні филиалдың құрылымдық және мүшелік ұйымдарының көшбасшыларының, Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы өкілінің қатысуымен Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы «Астана» қалалық филиалы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Отырыс барысында ұйымдастырушылық сипаттағы бірқатар мәселелер, соның ішінде «Астана» қалалық филиалының құрылымдық және мүшелік ұйымдарында есептік-сайлау науқанын өткізу барысы, 2024-2026 жылдарға арналған Салалық келісім, Салалық комиссияның жұмыс жоспары туралы мәселелер қаралды.
Келісім сала қызметкерлері мен жұмыс берушілер арасындағы әлеуметтік-еңбек және экономикалық қатынастарды реттеудің жалпы қағидаттарын, еңбекақы төлеудің жалпы шарттарын, сала қызметкерлерінің еңбек кепілдіктері мен жеңілдіктерін белгілейді, сондай-ақ әлеуметтік әріптестік тараптарының құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін айқындайды.

Филиал төрайымы Тілеулес Мадьярова құрылымдық және мүше ұйымдардың жетекшілері өсу коэффициентін ескере отырып, еңбекақы төлеуге қатысты Салалық келісімді жүзеге асыру бойынша әлеуметтік серіктестермен белсенді жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, мүмкіндігінше жаңа Салалық шарттың ережелерін ескере отырып, Ұжымдық шарттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, жұмыс істейтін әйелдерге әлеуметтік төлемдер, кәсіподақ ұйымдарының жұмыстан босатылған төрағаларына қосымша ынталандыру демалыстарын беру қажеттігі айтылды.

Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтаналин кәсіподақтың қызметі және Лайықты еңбек жылына жоспарланған іс-шаралар туралы айтып берді.

Шара аясында Халықаралық әйелдер күніне орай кәсіподақ активінің әйелдеріне құрмет көрсетілді.