Кеншілердің еңбегі – экономикамыздың тірегі

Қазіргі тілмен айтсақ, еңбек адамы ешақашан трендтен түспейді. Олардың еңбек жолын баяндай келе, өндіріске енді келіп жатқан жас кеншілердің осы салаға бейімделіп, алдыңғы буын азаматтарды үлгі тұтса дейміз. «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтасының ұңғылаушы-бригадирі Еркебұлан Боккарин – тақырыбымызға арқау болып отыр.

Туған өлкенің тынымсыз тірлігі, аты әлемге тараған Дөң тау-кен байыту комбинаты Хромтаудың қай ұлына болмасын, сонадайдан көз тастап, менмұндалап шақыратындай.

Әскерден келіп, болашақтың қамына енді кіріскен Еркебұлан Бақыткерейұлы да 2007 жылы комбинатқа жұмысқа тұрды. Шахтаға материалдар жеткізушіден бастаған еңбек жолының әр жылын бағалайтын қызметкерлер – функционалдық міндетті орындаушы ғана емес, қызметті ұйымдастыруда қабілетті. Осы қасиетінің арқасында алты айдан кейін ұңғылаушы кәсібіне ауысып, кейін 13 адамнан құралған бригаданы басқарады. Ол бұл қызметтіон екінші жыл тізгіндеп келеді.

Әйтсе де кейіпкеріміз жер астындағы еңбектің де өз қиындықтары, өз ережелері барын шегелеп айтты.

«Мұнда қауіпсіздік техникасы бірінші орында тұратынын талай жылдық еңбек өтілі бар жұмысшы да  ұмытпауы қажет» дегенді алға тартады. Кейіпкеріміз «жұмыстан есен-сау шығу, отбасымен амандықта қауышу – әр шахтердің өз қолында», – дегенді тағы бір еске салды.

Еркебұлан еңбек етіп жүрген шахта – өз кезегінде аяғын нық басып, хром кенін өндіру жоспарына сай жоғары нәтиже көрсетіп келе жатқан кәсіпорынның негізгі цехтарының бірі. Алда осы шахтаның екінші кезегін ашу жоспарда бар. Әрине бұл механизмнің артында кейіпкеріміз секілді білекті, шыныққан шымыр, сайдың тасындай іріктілген жігіттердің еңбегі тұр.

Олай деуге себеп – Еркебұлан спорттан да алыс емес.Жастайынан самбо, дзюдо, қазақ күресінен белдесіп жүрген азамат өндірістегі жетістігінен бөлек, спорттағы жеңістерімен де талай қуантты. 100 кг салмақта сынға түсетін шахтер былтыр дзюдодан спорт шеберіне үміткер атанып, Алматыда өткен Қазақстан чемпионатында үшінші орын иеленді. Сонымен қатар Оралда самбодан күнтізбелік турнирде 16 облыстың арасынан бір өзі бірінші орынға ие болып, жеңіспен оралған. Еркебұлан Бақыткерейұлының биылғы жоспарына қарасақ, он екі айға бөлінген республикалық және халықаралық чемпионаттардың тізімін көрдік. Қазір ол жұмыстан кейін бірден жаттығу залына барып, дайындыққа кіріседі. «Ұлу жылын да жеңіске толтырамын» деген мақсаты бар.