«Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлінің бастамасымен “Еңбек” депутаттық тобының еңбекті қорғауды, өнеркәсіптік қауіпсіздікті және еңбек заңнамасын сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі мүшесі, Түркістан облыстық маслихатының депутаты Ғабиден Қапалбаев пен «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасының орынбасары Айдар Бахтыбаев, Түркістан облысының автомобиль көлігі және жол мекемелері жергілікті кәсіподағының төрағасы Али Мамедовтің қатысуымен Түркістан облысы, Сайрам ауданында орналасқан «ЯНС» ЖШС-нің бастауыш кәсіподақ ұйымында кездесу өтті.
Кездесу барысында қатысушылар «Еңбек» депутаттық тобының негізгі мақсаты өңіріміздегі еңбеккерлердің еңбек құқықтарын қолдау екендігін айтып, еңбеккерлердің еңбек жағдайларын жақсарту мен оларды лайықты еңбекақымен қамтамасыз ету, ұжымдық еңбек дауларының алдын алу, еңбек қатынастарын реттеу, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау мәселелерін көтеріп, жұмыс берушілерді еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жағдайларына жете мән бере отырып, жазатайым оқиғаларға жол бермеуге көңіл бөлуін күшейтуге шақырды.
Бұдан басқа, кездесуде бастауыш кәсіподақ ұйымындағы еңбек адамдарының құқықтарын қорғау жөніндегі атқарылып жатқан жұмыстары мен алдағы жұмыс жоспарлары талқыланды.
Айта кету керек, еліміздегі барлық облыстық мәслихаттардағы «Еңбек» депутаттық топтары Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен құрылған. Депутаттық топты құрудың құқықтық негізі болып Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Мәслихаттың үлгі регламентін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 желтоқсандағы № 704 Жарлығы, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, «Кәсіптік одақтар туралы» Заң және басқа да нормативтік құқықтық актілер болып табылады.