«Зевс Энерго» ЖШС еңбек ұжымымен келіссөздер жалғасуда

Маңғыстау облысының Кәсіподақтар орталығының мәжіліс залында дөңгелек үстел форматында кәсіподақ, прокуратура, облыстық әкімшілік,мәслихат өкілдері «Зевс Энерго» ЖШС басшылығымен және еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Күн тәртібінде жалақыны 300-350 мың теңге көтеру, жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсарту, «ҚазТрансОйл» АҚ-ы мен «Зевс Энерго» ЖШС-нің арасындағы келісім шарт бойынша еңбек ақы қоры туралы мәліметтермен жұмысшыларды таныстыру сияқты мәселелер қаралды.

 Кездесуге Маңғыстау облысының Кәсіподақ орталығының төраға орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Рзаханов Мақсат, төрағаның орынбасары Кеңшілік Данияр,Маңғыстау көлік прокуратурасының аға прокуроры Бабакулов Талғат, Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Қалиева Раушан, Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Қуанышбеков Батырхан, «ҚазТрансОйл» АҚ Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының бастығы Жолдасов Асқар, «Зевс Энерго» ЖШС бас директоры Әшкен Әсет, «Зевс Энерго» ЖШС техникалық директоры Иманжанов Дінмұхаммед және «Зевс Энерго» ЖШС жұмысшылары қатысты.

Естеріне сала кетейік: 20 ақпан 2024 жылы жергілікті БАҚ- да «Зевс Энерго» ЖШС –нің жұмысшылары жалақыны көтеру, әлеуметтік төлемдерді енгізу және еңбек жағдайын жақсарту сияқты талаптарын атап, талаптары орындалғанша жұмысты тоқтататындығы туралы мәлімдеуіне байланысты Маңғыстау облысының Кәсіподақтар орталығында «Зевс Энерго» ЖШС еңбек ұжымымен дөңгелек үстел өткізілген болатын. Жұмысшылар кездесу қорытындысы бойынша он бес күн ішінде жұмыс берушілер тарапынан қандай талаптар орындалатындығын және «ҚазТрансОйл» АҚ-ы мен «Зевс Энерго» ЖШС-нің арасындағы келісім шарт бойынша еңбек ақы қоры туралы мәліметтермен таныстыруын талап етті.


Кездесуді Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары, облыстық мәслихат депутаты М. Рзаханов ашып, күн тәртібінде қаралатын мәселелерге тоқталды.
Өз кезегінде, «Зевс Энерго» ЖШС-нің техникалық директоры Д.Иманжанов «ҚазТрансОйл» АҚ-мен «Зевс Энерго» ЖШС-нің арасында өрт сөндіру қызметін көрсету жөнінде жасақталған келісім шартта бөлінген қаражаттың мөлшерінің аздығы жалақыны көтеруге кері әсерін тигізетіндігін, сол себепті жұмысшылар қойып отырған еңбек ақыны үш жүз мың – үш жүз елу мыңға көтеру туралы мәселесін шешуге қазіргі таңда мүмкіншіліктері жоқ екендігін және осы мәселе бойынша «ҚазТрансОйл» АҚ-на қосымша қаражат бөлу туралы хат жолданып, қосымша келісім шарт жасақтау мәселелері көтеріліп, жауабын күтіп отырғандығын айтты. Сонымен қатар, «ҚазТрансОйл» АҚ-мен «Зевс Энерго» ЖШС-і арасындағы келісім шарттағы еңбек ақы қоры жөніндегі мәліметтермен жұмысшыларды таныстыруға «ҚазМұнайГаз» АҚ-нан жазбаша түрде рұқсат алғаннан кейін таныстыруға дайын екендігін айтты.

Осы орайда Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Р. Қалиева сөз алып, аталған келісім шартты «ҚазТрансОйл» АҚ-ы мен «Зевс Энерго» ЖШС-нің тарапына келіп түскен арыз шағымдар болмағандықтан келісім шартты алдыра алмайтындығын ескертті. Егер жұмысшылардың еңбек ақылары дұрыс есептелмеген жағдайда, яғни, түнгі жұмыс уақыттарын, артық сағаттарын есепке алмай жатса тиісті төлем құжаттарын тіркей отырып, арызбен ресми түрде Е-Өтініш арқылы Еңбек инспекциясына онлайн шағымдануға болатындығын атап өтті.
АКБ төрағасының орынбасары Д. Кеңшілік жұмыскерлердің уәждерін тыңдай келе, аталған мекеменің жұмысшыларының жұмыс орнындағы еңбек жағдайларына тоқтала отырып, бір қатар мәселелерді көтеріп, жұмыскерлерді қолайлы, қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз ету үшін, жұмыс берушіні аталған кемшіліктерді жедел жоюға шақырды.


«Зевс Энерго» ЖШС-нің бас директоры Ә. Әшкен еңбек жағдайлары жөніндегі мәселелер бойынша жұмыскерлердің жұмыс жағдайларын жақын арада жақсартуды өз жауапкершілігіне алды.
Кездесу соңында Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары М. Рзаханов бүгінгі дөңгелек үстелді кәсіподақтар бірлестігінің өкілеттілігі шегінде өңірдегі әлеуметтік-еңбек жанжалдарының алдын алу мақсатында өткізіп отырғандығын және көтерілген мәселелерді шешу жолында тиісті органдарға хат жолдайтындығын айтты.

Осы мекеменің жұмыс берушілері тарапынан мәселені толық қанды шешу үшін бір қатар ұсыныстар аталып, 5 жұмыс күні ішінде «ҚазТрансОйл» АҚ-мен «Зевс Энерго» ЖШС-і арасындағы келісім шарттағы еңбек ақы қорының көлемімен жұмысшыларды таныстыруды ұсынды. Жұмыс беруші өз тарапынан, тапсырыс берушінің ресми рұқсатынан кейін құжаттармен таныстыруға дайын екендігін жеткізді. Сонымен қатар, жұмыс беруші жұмысшыларды қызмет барысында жұмыстан босату мақсатында тәртіптік шаралар қолданбауға келісті.