Сайрам ауданындағы Керім Тленшин атындағы № 29 жалпы білім беретін мектебінің ұжым қызметкерлеріне еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша семинар өткізілді.
Семинарға «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев, «Шапағат-педагог білім және басқа мамандықтар қызметі» жергілікті кәсіподағы бірлестігінің төрайымы Гульнар Тлеубердиева, «Оңтүстік» еңбек қауіпсіздігі бойынша оқу орталығының басшысы Султан Қалдыбаев және кәсіподақ мүшелері қатысты.
Жиында сөз сөйлеген «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев:
«Бүгінгі таңда Кәсіподақтар федерациясының қызметінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселесі басым бағыттардың бірі болып табылады. Осы орайда әр кәсіпорында бекітілген еңбек, ұжымдық шарттарда әр жұмысшының денсаулығы мен жұмысқа қабілеттілігін сақтау басым орында болуы тиіс. Әлеуметке бағдарланған кез-келген кәсіпорын бәрінен бұрын апаттың, жарақаттанушылықтың және кәсіби аурулар деңгейін төмендетуге мүдделі» – деп, Кәсіподақтар Федерациясының 2024 жылды «Лайықты еңбек жылы» деп жариялауына орай, Кәсіподақтар федерациясы тарапынан лайықты еңбек жағдайларын жасау, ұжымдық және еңбек шарттарын сақтау, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, жазатайым оқиғалардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып өтті.
Бұдан басқа, жиында еңбек қатынастарын реттеу, ұжымдық және еңбек шарттарын сақтау, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, жазатайым оқиғалардың алдын алу, жалақы қарыздарын болдырмау, дауларды шешу туралы мәселелер қозғалды.
Жиын соңында еңбеккерлер өз ойларын ортаға салып, пікір алмасып, қойылған сұрақтарына жауаптарын алды.