Еңбек қауіпсіздігі бойынша семинар өтті

Кәсіподақ өкілдерінің қатысуымен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша кезекті семинар Сайрам ауданындағы «№ 67 «Көмешбұлақ» жалпы білім беретін мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымында өткізілді.
Іс-шараға «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев, «Шапағат-педагог білім және басқа мамандықтар қызметі» жергілікті кәсіподағы бірлестігінің төрайымы Гульнар Тлеубердиева, «Оңтүстік» еңбек қауіпсіздігі бойынша оқу орталығының басшысы Султан Қалдыбаев, мектеп директоры Демегүл Залиева және кәсіподақ активі қатысты.

Семинарда Айдар Бахтыбаев еңбек қауіпсіздігі мәселесін тілге тиек етіп, еңбекті қорғау және еңбек мәдениетін көтеруде кәсіподақтар жұмысының әлеуметтік әріптестермен біріге жұмыс жасауы маңыздылығына тоқталды.


Бұдан басқа өз кезегінде сөз алған еңбек қауіпсіздігі бойынша оқу орталығының басшысы Султан Қалдыбаев қатысушыларға еңбек жағдайлары және еңбекті қорғау шаралары жайлы түсіндірме жасап, кәсіподақ мүшелерін қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Сонымен қатар, жергілікті кәсіподақ бірлестігінің төрайымы Гульнар Тлеубердиева еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесі әрдайым кәсіподақтардың назардан түспейтінін алға тартып, осындай семинар-кеңестер өте қажет өйткені тәжірибе ешқашан артық болмайтындығын айтып өтті.

Семинар соңында қатысушылар алған мағлұматтары үшін ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдіріп, осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.