ҚРКФ төрағасы Атырау облысының кәсіподақ белсенділерімен кездесті

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үшінші Ұлттық Құрылтайдың отырысына қатысу үшін Атырауға іссапары аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Үйлестіру кеңесінің мүшелерімен және өңірдің кәсіподақ белсенділерімен кездесті.

Атырау облысының Кәсіподақ орталығының басшысы Әлібек Серғалиев жергілікті кәсіподақтардың қызметі туралы қысқаша мәлімет берді. Облыста жалпы мүшелігі 82 мың адамды құрайтын 660 бастауыш кәсіподақ ұйымдарын біріктіретін салалық кәсіподақтардың 12 филиалы жұмыс істейді.

Отырыс барысында өңірдің әлеуметтік-еңбек саласындағы ахуал және кәсіпорындардағы тұрақтылықты сақтаудағы кәсіподақтардың рөлі бойынша ашық диалог өтті.

Сала кәсіподақтары – Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіподағы төрағасының орынбасары Асқар Бисенов, “SENIM” республикалық денсаулық сақтау кәсіподағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Майра Қашкенова, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы филиалының төрағасы Жұмазия Есімова өз салаларының өзекті мәселелерімен бөлісті.

Олардың айтуынша, мемлекеттік емес кәсіпорындарда жұмыс берушілер кәсіподақ ұйымдарын құруға кедергі келтіреді. Кәсіподақ белсенділері кәсіподақ қызметкерлері мен зейнеткерлерін сауықтыру бойынша жеңілдетілген қызметтердің қажеттілігі туралы және облыстық мәслихаттағы “Еңбек” депутаттық тобының қызметі туралы айтты.

Әріптестерін тыңдап, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтың қоғамдағы мәртебесі мен рөлін арттырудың, қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауды нығайтудың, қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етудің, кәсіпорындардағы еңбек дауларының алдын алудың маңыздылығын атап өтті.

Ол барлық өңірлердегі облыстық мәслихаттарда кәсіподақтардың бастамасымен «Еңбек» депутаттық топтары құрылғанын атап өтті. Кәсіподақтар федерациясы Парламент Мәжілісінде осындай топ құру мүмкіндігін қарастыруда.

Сатыбалды Дәулеталин өңірдегі әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселесіне тоқталып, бірқатар нақты міндеттер қойды.

«Кәсіподақ жетекшілері мен әлеуметтік серіктестер үшжақты комиссиялардың тиімділігін арттыру үшін бірлесіп жұмыс істеуі керек. Бұл қарапайым еңбеккерлердің құқықтары бұзылған жағдайда жедел ден қоюға және әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелерді келіссөздер негізінде және заңнама аясында шешу жолдарын табуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.

Жалпы кәсіподақтардың қызметіне қатысты Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ қоғамдастығының басымдығы еңбекшілердің құқықтарын қорғау және олардың мүдделерін ілгерілету болғанын және солай бола беретінін атап өтті.

“Кәсіподақтар-кәсіпорын қызметкерлерін құқықтық қорғаумен кәсіби айналысатын жалғыз ұйым. Кәсіподақтар қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын жетілдіруге жәрдемдесуге тиіс. Адамдардың құқықтық санасы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым тиімдірек, тіпті ең күрделі еңбек қақтығыстары да заңды негізде шешіледі”, – деп қорытындылады ҚРКФ төрағасы.