Коммуналдық-тұрғын үй шаруашылықтары жұмыскерлерінің жалақысын көтеру – бұл жұмыс сапасын ілгерілетуге, кәсіптің беделін арттыруға, білікті мамандарды тартуға және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Елорда аумағындағы коммуналдық шаруашылық бағытында қызмет атқаратын ірі мекемелердің бірі – «Астана-Тазалықтың» жұмыскерлері тынымсыз еңбектерімен елорданың көркеюіне және оның тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға мол үлестерін қосуда.
«Астана-Тазалық» ЖШС-нің жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағының төрайымы Бақыт Әлімжанованың айтуынша, 2024 жылдың қаңтарынан бастап барлық қызметкерлердің жалақысы 20%-ға, ал жол жұмысшыларының жалақысы 50%-ға көтерілген. Өткен жылы кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға өскен еді.
“Жалақының өсуі тұрмыс жағдайын жақсартып қана қоймай, азаматтардың еңбек жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Осы сала жұмыскерлерінің әлеуметтік-еңбек жағдайын оңтайлы шешу үшін кәсіподақ ұйымдары мен әлеуметтік әріптестік тараптары айтарлықтай жұмыс жүргізеді” , – дейді кәсіподақ белсендісі.
Елорда билігі 2024 жылы қаланың бес ауданының әкімдері аппаратын санитариямен, абаттандырумен, жарықтандырумен және жұмыспен қамтамасыз етуге 65 млрд теңге жұмсауды жоспарлап отыр.