Денсаулық сақтау салаласындағы Келісу комиссиясы мүшелері еңбек заңнамасы бойынша оқудан өтті

Қызылордалық «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының облыстық филиалы мүшелік ұйымдарындағы Келісу комиссиясы мүшелері еңбек заңнамасын қолдану, келіссөздер жүргізу және еңбек дауларында пәтуаға қол жеткізу дағдыларын дамыту бойынша оқудан өтті. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен салалық кәсіподақтың облыстық филиалы ұйымдастырған семинар-оқуға 83 адам қатысып, жеке еңбек дауларын қарау бойынша өз білімдерін жетілдірді.

Семинар оқуды «SENIM» салалық кәсіподағы Қызылорда облыстық филиалының төраға міндетін атқарушысы Сәулебек Ысқақов ашып, саладағы әлеуметтік әріптестік шеңберіндегі атқарылған жұмыстар мен салалық келісімнің орындалуы мәселесі тұрғысында сөз қозғады.

Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасының еңбек қауіпсіздігін бақылау бөлімінің бас маманы- мемлекеттік еңбек инспекторы Рамазан Әбдіраманов еңбек қауіпсіздігі бойынша мемлекеттік реттеу мәселелері туралы айтып, еңбек заңнамасындағы еңбекті қорғау талаптарына тоқталды.

Семинардың негізгі спикері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының дәріскерлер пулы мүшесі Майра Боранбаева қатысушыларға Еңбек кодексінің соңғы өзгерістері туралы айтып, еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі бойынша заң баптары түсіндірмесін жасады.

Семинар қатысушылары оқу процесіне белсенді қатысып, сұрақ-жауаптар, интерактивті жұмыс нысандарында келісу комиссиясы отырысын ұйымдастыру, жеке еңбек дауын қарау, шешім шығару, өндірістік кеңес жұмысы, ұжымдық шарт жасасу тәртіптері тәжірибесін пысықтады.