«Densaulyq» кәсіподағы 320 отбасыға қуаныш сыйлады

«DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Ұлттық мерекеміз – Наурыз мейрамы қарсаңында кәсіподақ мүшелеріне арнап қайырымдылық акциясын өткізді.


Кәсіподақ басшысы Сакен Арыстанұлы және кәсіподақ мүшелерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында Түркістан облысында 320 отбасыға азық-түлік себеттері таратылып, мейірімділік пен қамқорлықты ту еткен игі бастама аясында аз қамтылған және көп балалы жанұяларға, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар отбасыларға қолдау көрсетілді.

Көмек алған отбасылар ізгі тілектерін білдіріп, ақ жаулықты аналар ақ батасын беріп, алғыстарын айтты.

“Медицина қызметкерлерінің жұмысы қоғамда аса маңызды рөлге ие екенін еске салайық. Бізге сапалы медициналық қызмет көрсету арқылы олар біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Олардың қай кезеңде болсын өз саласы жолындағы адал еңбегі – қоғам тарапынан қолдау көрсетілуіне әбден лайықты”, – деді төраға.


«DENSAULYQ» кәсіподағының жақсылық жасауға және қоғамдық бастамаларды қолдауға деген ұмтылысы – осы ұйымның әлеуметтік миссиясының ажырамас бөлігі болғандай. Бұл қайырымдылық акциясы бәрімізді жақсылыққа ұмтылуға және мұқтаж адамдарға көмектесуге шабыттандырады. Мұндай бастамалар болашақта да жалғасатынына үмітіміз мол.