Қостанай облысының кәсіподақтар үйінде салалық және жергілікті кәсіподақтар өкілдерімен кеңес өтті. Күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) және кәсіподақтардың республикалық бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған Бас келісімнің ережелері талқыланды.
Қостанай облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Ирина Аронова Бас келісімнің ережелеріне сәйкес өңірдің еңбек ұжымдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті.
Бас келісімдегі негізгі новеллалар тараптардың міндеттемелеріне қатысты болды: әлеуметтік әріптестіктің қазақстандық моделін одан әрі дамыту; «Халық табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» Кешенді жоспарын іске асыруда көзделген шараларды өзектендіру; әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиялардың шешімдерін әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарының белгіленген мерзімде міндетті түрде орындауы.Сонымен қатар еңбек нарығының дамуына, халықты тиімді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және Ең төменгі жалақы мөлшерін айқындау әдістемесіне сәйкес ең төменгі жалақыны сай қою”, – деді Ирина Аронова әріптестеріне.
Оның айтуынша, Бас келісімде әлеуметтік-еңбек жанжалдарының алдын алу үшін тараптар еңбек даулары мен жанжалдарды шешуге жәрдемдесу, ұжымдық-шарттық реттеу практикасын дамыту, еңбек даулары мен жанжалдарды шешудің қолданыстағы тәртібін жетілдіру бойынша міндеттемелер қабылдады.
Жалпы, Бас келісім әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, экономикалық саясатты нығайту, халықты тиімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, лайықты жағдайлар жасау және еңбекақы төлеу, сондай-ақ әлеуметтік саясатты күшейту қағидаттары негізінде әзірленді.
Сондай – ақ, кеңесте Қостанай облысының әкімдігі, “Қостанай облысының Кәсіподақ орталығы” Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және Қостанай облысында кәсіпкерлік қызметке жәрдемдесу қауымдастығы арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған облыстық келісімнің жобасы қаралды.