2023 жылы Алматыда 97,5 мың адам жұмысқа орналастырылды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Алматы қаласына жұмыс сапары аясында мегаполис халқымен кездесу өткізді. ЕХӘҚМ басшысы халықты жұмыспен қамту шаралары туралы хабардар етті.

«2023 жылы Алматыда 97,5 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Кәсіптік оқытумен 4,1 мыңға жуық адам қамтылды. Кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсету аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына 375 грант және жас кәсіпкерлерге 135 микрокредит берілді.Биыл жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 358 грант беру жоспарлануда. Құжаттарды қабылдау процесі толығымен автоматтандырылған және business.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады», – деді Светлана Жақыпова.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылы: ең төмен базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 %-дан 60 %-ға дейін, ал 2024 жылы – 65%-ға дейін, ең жоғары мөлшері 100%-дан 105%-ға дейін ұлғайтылды; ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын ең жоғары табыстың шамасы 46 %-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін артты. Алматы қаласы бойынша зейнетақының жиынтық орташа мөлшері 184 мың теңгені құрап отыр.

Жалпы республика бойынша зейнетақы төлемдеріне 2023 жылы 3 трлн 300 млрд теңге, 2024 жылы – 3 трлн 785 млрд теңге бағытталды.

Министр сондай-ақ халықты әлеуметтік қолдауды күшейту туралы айтты. Балалары бар отбасыларға ерекше назар аударылады. Жаңа шаралар бала тууды ынталандыруға және отбасындағы балаларды тәрбиелеуге жәрдемдесуге, сондай-ақ көп балалы аналардың беделін арттыруға бағытталған. Қала тұрғындарымен қарым-қатынас барысында министр алматылықтарды қызықтыратын барлық сұрақтарға жауап берді.