«Alataý Jastary» жастар кенесінің ұйымдастыруымен кітап талдау кеші өткізілді

Өткен мереке күндері жергілікті «Серіктес» кәсіподақ ұйымының «Alataý Jastary» жастар кенесінің ұйымдастыруымен «Book Club АЖК» кітапсүйер жандардың кітап талдау кеші өткізілді.


«Клубтың басты мақсаты – «Алатау Жарық Компания» АҚ қызметкерлерінің кітапқа деген қызғушылығын арттыру, кітап оқуды трендке айналдыру, сауатты қоғам қалыптастыру, шығармашылық қабілеттерің жетілдіру, халық әдебиетін насихаттау, тарихи, мәдени, рухани мұраны сақтау және ана тілін құрметтеу болып табылады. Атап өтетін жайт, «Book Club АЖК» кітап клубы кітаптарды қазақ тілінде оқып, талқылауы да тек қазақ тілінде өткізіледі», – деді Жастар кеңесінің төрағасы Нәби Перизат.

Клубтың алғашқы кітабы – Айгиз Баймұхамедовтың «Тастамашы, Ана!» атты туындысы болды. Кітаптың қысқаша мазмұны тоқталатын болсақ, автордың өз өмірі баяндалғанын байқауға болады. Көпбалалы отбасы. Ата-анадан айырылған тұл жетім ұл мен қыз. Балалар үйі… Ілияс деп аталатын басты кейіпкердің өмірбаяны жазылған. Бұл кітапты жыламай оқу мүмкін емес. Жас өмірін қиындықпен балалар үйінде өткізген Ілиястан алар үлгі-өнеге жетерлік.


Талқылауда қатысушылар өз эмоцияларына ерік беріп, барынша сезімдерімен бөлісті. Әр қатысушы туынды жөнінде ойларын ашық айтып. Ерекше тұстарын атап өтті. Кеш соңында өз ойын көркем жеткізген, кітапты алғаш оқып бітірген және талқылау барысында ерекше ойларымен бөліскен клуб мүшелері бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Алдағы уақытта бұл шара Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» кітабымен жалғаспақ.