ҚР Кәсіподақтар федерациясы басшылығының «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен кездесулері жалғасуда. Бүгін ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев және Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыру және бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова медицина саласының кәсіподақ ұйымдарымен онлайн кездесу өткізді.
Кездесуге «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық филиалының «Облыстық психикалық денсаулық орталығы», «Талдықорған қалалық емханасы» және «Облыстық көпсалалы клиника» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарының бастауыш кәсіподақ мүшелері қатысты.
Отырыс жұмысын ашқан Жетісу облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әсет Қыдырманов облыс аумағындағы өткізіліп жатқан кәсіподақ қызметі жайлы хабардар етті.
«Кәсіподақ қозғалысындағы ауқымды шаралар өткізу барысында біз де бос қалмадық. Негізгі қызметімізбен қатар қоғамдық іс-шараларды жүрізуді қатар алып жүрміз. Кәсіподақтар қатысатын кәсіпорындарда пайда болатын мәселелерді облыс деңгейінде шешуге тырысамыз, мекемелердегі жағдай тұрақты, кәсіподақ комитеттерінің бақылауында», – деді кәсподақ орталығының басшысы.
«Облыстық психикалық денсаулық орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Салтанат Татиева ұжымдық шарт аясында еңбек қатынастары жағдайында еңбек дауын туындамауын, еңбек қауіпсіздігін, еңбекақының дұрыс және уақытылы төленуі т.б. қарастырылғанын атап өтті.
Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасы мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» психоневрологиялық патологиялары бар балалар мен ересектерді оңалтуға және нашақорлыққа тәуелділігі бар ерлер мен әйелдерді емдеуге арналған мекеме болып табылады. Мекемеде 85 пайыз әйелдер жұмыс жасайды, орта жас 51. Штаттық кесте бойынша қызметкерлер құрамы 265 бірлікті құрайды.
«Талдықорған қалалық емханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Зухра Ибрагимова кәсіподақ тарапынан атқарылып жатырған игі бастамаларды толық баяндады.
«Талдықорған қалалық емханасы» құрамында: ересектер мен жасөспірімдер емханасы, балалар емханасы, босану емханасы, Еркін, Өтенай дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік пункттері бар (Еңбек, Мойнақ, Ынтымақ, 3 бөлім, 5 бөлім, ауыл. Пригородный, Учхоз ЗВТ, Үйтас). «Талдықорған қалалық емханасы» арнаулы медициналық қызмет көрсету стандартында белгiленген көлемдерге арнаулы қызметтер көрсетіледі. Штаттық кесте бойынша қызметкерлер құрамы 289 бірлік.
«Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Қуаныш Айкулов облыс деңгейіндегі кәсіподақтық қызмет және қызметкерлердің мүдделерін қорғау жолындағы оң бастамалар жайында мәлімдеді.
«Облыстық көпсалалы клиника» стационарлық жағдайда арнаулы медициналық қызмет көрсету стандартында белгiленген көлемдерге сәйкес стационарлық жағдайда арнаулы қызметтер көрсетіледі. Мекемеде 75 пайыз әйелдер жұмыс жасайды, орта жас 51.
Отырыс жұмысын қорытындылай келе, Жетісу облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әсет Қыдырманов осындай кездесулердің маңыздылығын айтып, Кәсіподақтар федерациясына көрсеткен қолдауы үшін өз алғысын білдірді.
Онлайн кездесуде медицина қызметкерлері тарапынан сұрақтар қойылып, талқылау жүргізілді.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев кездесу барысында көтерілген мәселелер Кәсіподақтар федерациясы үшін әрқашан өзекті болып табылатынын атап өтті. Ол сондай-ақ акцияны өткізудің мақсаты бастауыш кәсіподақ ұйымдарын жүргізіліп жатқан жұмыстар, жаңа жобалар туралы хабардар ету, проблемалық мәселелерді анықтау, оларды одан әрі шешу, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі мүшелік ұйымдардың жұмысын жандандыруға бағытталғанын мәлімдеді.
Кездесуді соңында Нұрлан Өтешев қатысушыларға, сөз сөйлеушілерге және ұйымдастырушыларға ашық диалог үшін алғыс айтып, бастауыш кәсіподақ ұйымдарына одан әрі табыс тіледі.
ҚР Кәсіподақ федерациясының медиаорталығы