Құқықтық жалпыға бірдей оқыту – Астана құрылыс компаниялары кәсіподақтардың назарында

Бүгін Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов және Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподағы ҚБ «Астана» филиалының төрайымы Тілеулес Мадьярова «MODEХ Astana» ЖШС-не барып, жалпыға бірдей құқықтық оқыту аясында кәсіпорынның басшылық өкілдерімен кездесті.

MODEХ Astana – BI Group холдингінің еншілес кәсіпорны. Компания 2020 жылдан бастап жұмыс істейді және кәсіпорында индустриялық-модульдік құрылыстың инновациялық технологиялары қолданылады.

Компания директоры Валерий Зориннның айтуынша, модульдік үйдің құрылысы әртүрлі ғимарат салу уақытын едәуір қысқартуға, олардың өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Қазіргі сәтте 375 адам еңбек етеді. Кәсіпорын жұмыскерлері әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген.

Кездесу барысында кәсіподақ жетекшілері кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарын, кәсіподақ ұйымын құру тетіктерін, және Ұжымдық шарт жасасу тетіктерін түсіндірді.Сондай-ақ еңбек заңнамасының негізгі аспектілерімен, қызметкерлердің құқықтары мен міндеттерімен, сондай-ақ олар бұзылған жағдайда өз құқықтарын қорғау рәсімдерімен таныстырды.

Кәсіподақ ұйымы құрылмаған кәсіпорын өкілдері үшін жалпыға бірдей құқықтық оқуды өткізу кәсіподақ қозғалысын дамыту мен қызметкерлердің құқықтарын қорғаудағы маңызды қадам болып табылады. MODEХ Astana компаниясының өкілдері кәсіподақ қызметін қалай ұйымдастыру туралы толыққанды ақпарат алды.