28-шы наурызда кешкісін Ақтөбе қаласында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Елек пен Қарғалы өзені жағалауындағы , Кірпішті елді-мекеніндегі бау-бақша ұжымдарындағы тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру туралы шешім қабылданған болатын. Екі тәулік ішінде Ақтөбе қаласындағы 73 үйді су басқан.
Қобда ауданында 100-ден астам үй мен он шақты ғимарат су астында қалды. Ақтөбе облысының Қобда, Темір мен Мұғалжар аудандарында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.
Осы төтенше жағдайға байланысты Ақтөбе облыстық кәсіподақтары да тұрғындарға қолдау танытуда.
«Қызмет» Салалық кәсіподағының Ақтөбе облыстық филиалы елде орын алған төтенше жағдайдан бей-жай қалмай, қолдан келгенше көмек қолын созуда.
Облыстық филиал төрайымы Мұхтарита Сағындықова облыстық қоғамдық кеңес құрамында апаттан зардап шеккен тұрғындар орналастырылған эвакуациялық орталықтарға барып, жағдайларымен танысып, азық-түлік апарды.
Облыстық филиалдың басқа мүшелері де зардап шегушілер мен құтқарушыларға жан-жақтан көмек көрсетіп, құтқару жұмыстарына қатысып, ыстық тамақпен қамтамасыз ету жұмыстарын атқаруда.
Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасатын болады, облыстық филиал қиын жағдайға тап болған өз мүшелеріне де барынша көмек көрсететін және қолдау ретінде біркүндік жалақысын аударатын болады.