Бүгін, ағымдағы жылдың 1 сәуірінде бір жағынан Абай облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы Бақытберген Жаманбаев және екінші жағынан “Абай облысының Кәсіподақ орталығы” Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі атынан төрағасы Зауреш Исабаева арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Меморандум шеңберінде Татуласу орталығының жұмысын ұйымдастыру мәселелерінде өзара іс-қимыл көзделген. Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап Абай облысының аумақтық кәсіподағы халыққа олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қолдану және іске асыру бойынша практикалық, тегін (консультативтік) көмек көрсету мақсатында ҚРКФ Заң клиникасының филиалы өз жұмысын бастады.
Заң клиникасы филиалының базасында “Татуласу Орталығы” ашылды. Татуласу орталығының міндеті тараптар мен мүдделі тұлғалардың қатысуымен дауларды соттан тыс шешуді ұйымдастыру мен жүргізуде, сондай-ақ медиативтік, психологиялық, әлеуметтік, құқықтық, ақпараттық және өзге де ілеспе қызметтерді көрсетуде жүйелі тәсілді қамтамасыз ету болып табылады.
Тараптар бірлескен іс-шараларды: еңбек заңнамасы саласындағы өзекті мәселелерді шешу бойынша жұмыс кездесулерін, дөңгелек үстелдерді, семинар сабақтарын өткізу, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, медиативтік қызметті ілгерілету, халық арасында медиаторлардың беделін арттыру, халық, жеке және заңды тұлғалар арасында даулар мен институттарды сотқа дейінгі және соттан тыс реттеудің артықшылықтары туралы белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы уағдаласты.