Басты назарда – құқықтық сауаттылық

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы білім беру ұйымдарының келісім комиссиясының мүшелері үшін «Еңбек даулары, олардың туындау себептері. Келісу комиссиясында еңбек дауларын шешу тәртібі» тақырыбында семинар өткізілді.

Оқыту семинары кәсiподақ мүшелерінің еңбек заңнамасының негіздері сауаттылығын арттыру және білім беру саласы қызметкерлерінің күнделікті қызметіне қатысты нормативтік-құқықтық актілерді түсіндіруге бағытталды.

Семинар жұмысын блыстық білім кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова ашты.

” Туындайтын еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу өте маңызды. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес, жеке еңбек даулары келісу комиссияларында шешілуі тиіс. Бұл жолда комиссия мүшелері жыл сайын Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келіссөздер жүргізу дағдыларын дамыту бойынша білімін жетілдіреді”, – деді кәсіподақ төрағасы.

Кәсіподақ көшбасшысы өз сөзінде комиссия құрамына сайланған қызметкерлерге комиссия жұмысының уақытында орташа жалақылары сақталатынын, комиссия мүшелерін жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан шығаруға және тәртіптік жаза қолдануға тек кәсіподақ комитетінің алдын ала келісімімен ғана жол берілетінін ескертті.

Айта кетейік, жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясы тұрақты қызмет атқаратын орган болып табылады және кәсіподақ комитеті мен ұйым әкімшілігі өкілдерінің бірдей санынан жасалады. Жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясы үш жылға дейінгі мерзімге, яғни ұжымдық шарттың немесе әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің әрекет ету мерзіміне құрылады.