Қазақстанда мемлекеттік деңгейде гендерлік теңдік қағидаттарын ілгерілетуге, әйелдер және отбасы құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асуда.
Ерлер мен әйелдерге тең құқықтар және тең мүмкіндіктер беру, әлеуметтік қорғау, аналардың жағдайын жақсарту, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мәселелері бойынша заңнамалық база құрылды. “Құндылығы бірдей еңбек үшін еркектер мен әйелдерге бірдей сыйақы беру туралы” №100, “Еңбек және кәсіптер саласындағы кемсітушіліктер туралы” №111, “Отбасылық міндеттермен еңбек ететін еңбекші ерлер мен әйелдерге арналған тең қарау және тең мүмкіндіктер туралы” №156, №183 “Ананы қорғау туралы” Халықаралық Еңбек ұйымының конвенциялары ратификацияланды.
Алайда, мемлекет қабылдап жатқан шараларға қарамастан, гендерлік саясатты іске асырудың пәрменді тетіктерін әзірлеу әлі де өзектілігін жоймады. Әйелдердің қоғамдық өмірге белсенді атсалысуына бөгет болатын кейбір кедергілер осы күнге дейін сақталған.
Қазақстан Республикасы экономикасының түрлі салаларының еңбек ұжымдары мен миллиондаған еңбекші әйелдердің өкілдері ретінде Қазақстан еңбекші әйелдерінің I форумына қатысушылар кәсіподақтар алға тартқан келесі қағидаттарға қолдау білдіретінін мәлімдейді:
– әрбір жұмыскер лайықты және қауіпсіз еңбекпен қамтылуға, құндылығы бірдей еңбек үшін әділ және бірдей еңбекақыға ие болуға құқылы;
– әйелдердің лайықты еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдігі – мемлекет әл-ауқатының көрсеткіші;
– еңбек нарығында әйелдерге тең құқық пен мүмкіндік беру, мансаптық өсуі үшін тең жағдай жасау, аналарды қолдау мемлекеттің әлеуметтік және экономикалық саясатының басты назарында болуы тиіс.
Форумға қатысушылар әйелдердің еңбек құқығын қорғауға бағытталған кәсіподақтар жұмысының қажетті және маңызды екенің атап өтеді.
Кәсіподақтары бар ұйымдардың 95%-да әйелдерге, баласы бар еңбекшілерге және жас қызметкерлерге жеңілдік пен кепілдік беру туралы ұжымдық шарттар жасалған. Жұмыс берушілермен өзара келісімге келу арқылы кәсіподақтар еңбекші әйелдердің жағдайын айтарлықтай жақсартып, 2030 жылға дейін Қазақстандағы Отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасын жүзеге асыруға ықпал жасайды.
Форумға қатысушылар қоғамның барлық салаларында ерлер мен әйелдердің әлеуметтік теңдігіне қол жеткізу, еңбекші әйелдердің жағдайын жақсарту мақсатында келесі қадамдар жасау қажет деп санайды:
Бірінші. БҰҰ-ның:
– еңбек саласында әйелдер мен ерлерге бірдей, әділ көзқарас қалыптастыруға;
– адам құқықтарын қорғау және қолдау, дискриминацияға жол бермеуге;
– әйелдердің білімін жетілдіруге, біліктілігін арттыруға және кәсіби тұрғыда шыңдалуына ықпалдасуға;
– барлық еңбекшілердің денсаулығын сақтауға, қауіпсіздігін және әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі қағидаттарын барынша ілгерілету.
Екінші. Әлеуметтік әріптестік тараптары “Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалауды жою туралы” Халықаралық Еңбек ұйымының №190 Конвенциясының ратификациялануын ілгерілетуге бірлесе атсалысу.
Үшінші. Қазақстан Республикасының Үкіметіне:
– Қазақстан Республикасында Лайықты еңбек жөнінде Ұлттық бағдарламаны қабылдау;
– мүмкіндігі шектеулі әйелдерді жұмысқа орналастыру, көп балалы отбасыларға, жалғызбасты ата-аналарға, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырғандарға мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін арттыруға бағытталған пәрменді шаралар қолдану;
– мектепке дейінгі мекемелер желісін кеңейту, балалар мен аналарға медициналық қызмет көрсету мен сауықтыруда мемлекеттік қаржыландыруды ұлғайту жөнінде шаралар қабылдау ұсынылады.
Төртінші. Кәсіподақтар мен жұмыс берушілердің еңбекші әйелдерді лайықты еңбекақы және қауіпсіз еңбекпен қамтамасыз ету, оларға арналған әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктерді кеңейту мәселелерін шешу үшін күш-жігерін біріктіру.
Форумға қатысушылар 2025 жылды Гендерлік теңдік жылы деп жариялауды ұсынады. Бұл – әйелдердің еңбек саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтудің бастамасы болуы тиіс.
Форумға қатысушылар Әділетті Қазақстан құрудың алғышарттарының бірі болып табылатын Қазақстан әйелдері үшін шынайы теңдікке, лайықты еңбек пен тұлғаның үйлесімді дамуына қол жеткізу әлеуметтік әріптестік барлық тараптары, билік, бизнес және кәсіподақ, бірлесіп әрекеттенген жағдайда ғана жүзеге асатынына сенімді.
Резолюцияны
“Еңбек саласындағы әйелдер: жаңа шешімдер уақыты” Қазақстанның еңбекші әйелдерінің I Форумына қатысушылар қабылдады
Астана қ., 12 сәуір, 2024 жыл.