Қызылордада әлеуметтік әріптестер Облыстық келісімге қол қойды

Қызылорда облысының әкімдігі, Қызылорда облыстық жұмыс берушілердің бірлестіктері мен Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған Облыстық келісімге қол қойылды. Өңірде әлеуметтік әріптестікті дамыту, әлеуметтік-еңбек саласындағы тұрақтылықты сақтау және жұмыс орындарында лайықты еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша маңызды құжат тараптармен Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысында мақұлданды.

Облыстық келісімге облыс әкімдігі мен облыстық кәсіподақтар орталығымен қатар жұмыс берушілер қауымдастықтары тарапынан «Парыз» Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілер Ұлттық Конфедерациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша өкілі Болат Бөгетов, «Қызылорда облысының қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсету саласы қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер бірлестігінің төрағасы Ақмарал Әбдіразақова және «Қызылорда облысының жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының халықтық қауымдастығы» заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Дина Махатова қол қойды.

Комиссия отырысында аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев облыс деңгейінде әлеуметтік әріптестік қатынастар бойынша міндеттемелерді айқындаған құқықтық құжаттың қабылдануы маңыздылығын айтып, әріптестерге келісім шеңберінде нақтыланған шарттарды орындауда сәттіліктер тіледі.