Халықаралық медбикелер күнін мерекелеу қарсаңында Абай облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Зәуреш Исабаева мен Қазақстандық салалық «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі кәсіподағының Абай облыстық филиалының төрағасы Марат Бекбаев облыстық қан орталығының бастауыш кәсіподақ ұйымымен кездесті.
Кездесу барысында Зәуреш Исабаева Қан орталығында басшылықтың кәсіподақ комитетімен жұмысы жақсы жолға қойылғанын, ұжымдық шарттың барлық тармақтары орындалып жатқанын айтты.
Бастауыш ұйымда кәсіподақ жұмысының көптеген бағыттары дәстүрге айналып, мәдени-бұқаралық және спорттық жұмыстарды ұйымдастыруға көп көңіл бөлінеді. Осыны ескере отырып кәсіподақ комитетінің төрағасы Алиса Юнкерді Абай облысы Кәсіподақтар орталығының жанынан жаңадан құрылатын жұмысшы әйелдер ісі жөніндегі комиссияның құрамына енгізу ұсынды.
Еңбек ұжымымен кездесу Халықаралық медбикелер күні қарсаңында өтті және осы мерекеге орай Зәуреш Исабаева мейірбике Сарқұлова Азиза Қайратқызына, Зейноллаева Еңілік Дәулетханқызына, Қабдолова Алма Нұрбекқызына кәсіби жетістіктері, жоғары жауапкершілігі мен өз ісіне адалдығы үшін Құрмет грамоталары мен гүл шоқтарын табыс етті. Қазақстандық салалық «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі кәсіподағының Абай облыстық филиалының төрағасы Марат Бекбаев фельдшер-лаборант Байқомбаева Сәуле Рымбекқызын Құрмет грамотасымен марапаттады.
Өзінің құттықтауында Зәуреш Исабаева тәжірибе мен кәсібилікті, қамқорлық пен ілтипатты, рухани жылулықты бойларына сіңірген, өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын ұжымға үлкен алғыс айта отырып, медицина қызметкерлеріне мықты денсаулық, жігер, ынтымақ, отбасына амандық тіледі.