Қазақстан мен Тәжікстан Ұлттық кәсіби орталықтары өзара тәжірибе алмасуда

15 мамырда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы делегациясының Тәжікстанға сапары аясында Худжанд қаласындағы бірқатар кәсіподақ нысандарын аралады.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин және Орталық Азия елдері кәсіподақтар кеңесінің мүшелері кілем фабрикасының бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысымен танысты. Іс-шараға қатысушылар жұмысшылардың еңбек жағдайымен және өндіріс процесімен танысты. Кәсіпорында 600-ге жуық адам жұмыс істейді. Олардың 100% – кәсіподақ мүшелері.

Сатыбалды Дәулеталин кәсіпорын жұмысшыларымен тілдесіп, олардың еңбек жағдайы, еңбекақы деңгейі, әлеуметтік кепілдіктер, сондай-ақ өндіріс орнында қауіпсіздікті сақтауға бағытталған кәсіподақ жұмысын білді.

Кәсіпорында қызметкерлерге бірқатар жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған ұжымдық шарт бар.

Кездесу барысында делегаттар жұмысшылар асханасын, киім ауыстыратын және басқа да шаруашылық үй-жайларын, сондай-ақ еңбек инспекторының оқу бөлмесін аралады.

Зауыт қызметкерлері үшін медициналық қызмет көрсетіледі. Кәсіпорында дәрігер және екі медбике жұмыс істейді. Жұмысшылардың тамағы мен көлігін 90% жұмыс беруші қамтамасыз етеді.

Жыл сайын сақтандыру қорынан қызметкерлердің курорттық емделуіне қаражат бөлінеді. Өткен жылы 30 қызметкерге шипажайларға жолдама берілді.

Сонымен қатар, кәсіподақ басшылары итальяндық «Каррера» компаниясы инвестициялаған «Джавони» бірлескен кәсіпорнына барды.

Өндіріс орны мақта өңдеумен, одан жіп, мата, тігін бұйымдарының кең ассортиментін, сондай-ақ халық тұтынатын тауарларды өндіру және сатумен айналысады. Кәсіпорын өнімдері жоғары сапалы және алуан түрлі.

Бәсекеге қабілеттілікті сақтау үшін кәсіпорын басшылығы тек өнім сапасына ғана емес, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл бөледі.

Кәсіпорында 900-ге жуық адам жұмыс істейді, олардың барлығы – кәсіподақ мүшесі. Ұжымдық шартта жұмысшылардың әл-ауқатын жақсарту шаралары, еңбек жағдайлары және еңбек ұжымының мүддесін қорғайтын өзге де нормалар қарастырылған.

Мысалы, қызметкерлерге лауазымдық жалақының 20% мөлшерінде ай сайынғы сыйақы беріледі.

Сақтандыру қорының қаражатынан қызметкерлер шипажайға жолдама алады. Биыл 30 қызметкер сауықтыру орнында тегін демалып қайтты.

Кәсіпорын жұмысымен танысу барысында Сатыбалды Дәулеталин медициналық пунктті, еңбек инспекторының кабинетін, асхана мен тұрмыстық үй-жайларды аралады.

Қос мемлекеттің кәсіподақ басшылары өзара іс-қимылдарын нақтылап, тәжірибе алмасты. Еңбек қатынастарын ұжымдық реттеу, ұйымдастырушылық мәселелер, еңбекақы төлеу, өнеркәсіптік қауіпсіздік және т.б. мәселелерді талқылады.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының басшысы кәсіпорындардағы әлеуметтік әріптестіктің тиімді тұстарын атап өтіп, әлеуметтік-экономикалық қолдаудың, қызметкерлер үшін қолайлы еңбек жағдайын жасаудың маңыздылығына тоқталды.

Кездесу соңында Сатыбалды Дәулеталин Орталық Азия мемлекеттері еңбекшілерінің құқығы мен мүддесін ілгерілетуде кәсіподақ ынтымақтастығының рөлін айрықша атап өтті.