Тиімді әлеуметтік серіктестік – әлеуметтік тұрақтылық кепілі

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Бұл жолы комиссия отырысына өңірдегі барлық салалық кәсіподақ ұйымдарының басшылары, тиісті жергілікті басқарма басшылары, барлық аудан әкімдері мен бірқатар өндіріс ұйымдарының басшылары қатысты.


Комиссия отырысында еңбек қауіпсіздігінің сақталуы, еңбек қатынастарын реттеу, жалақының уақытылы төленуі, лайықты еңбек жағдайларының жасалуы, еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғау және аймақтағы салалық кәсіподақ ұйымдарының атқарған жұмыстары қаралды.
Бұдан бөлек, Жамбыл облысының әкімдігі, «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және Жамбыл облысының жұмыс берушілерінің өкілі арасындағы 2024−2026 жылдарға арналған өңірлік келісімге қол қойылды.


Жамбыл облысы әкімдігінің Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов облыстағы еңбек жағдайының ахуалына тоқталды. Басқарма басшысының мәліметтері бойынша жыл басынан бері әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық және аудандық үшжақты комиссияның 43 отырысы өтіп, онда 86 мәселе қаралып, жалпы 1358 жұмыскердің құқығы қорғалған. Биыл жыл басынан бері жазатайым оқиғалар саны 18 жағдайды құрап, онда зардап шеккендер саны 20 адамға жеткен. Мерт болғандар саны 4 адамды құрап отыр.
Жалпы бүгінгі таңда облыстағы еңбек жағдайларының ахуалы тұрақты, еңбек шиеленістері ресми тіркелмеген. Дегенмен де, еңбек қатынастары мен еңбекті қорғау және жұмыскерлерге уақытылы еңбекақы төлеу мәселелеріне қатысты орын заң бұзушылықтар бойынша, еңбек инспекторларымен ағымдағы жылдың басынан бері жоспардан тыс 47 тексерулер және 9 профилактикалық бақылау жүргізіліп, анықталған 112 заң бұзушылықтарға бойынша жұмыс берушілерге орындалуы міндетті 29 нұсқама беріліп, 1,3 млн. теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынған.


Бүгінгі күнге Жамбыл облысы бойынша 18 кәсіпорында «Vision Zero» нөлдік жарақат концепциясы, 13 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобалары енгізілсе, 108 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігіне қатысты халықаралық стандарттар енгізілген.
Кездесуде сөз алған облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов аймақтағы кәсіподақ ұйымдарының атқарып отырған жұмыстарын айтып, жергілікті деңгейде шешілуі қажет өзекті мәселелерге атап айтты.
Сонымен қатар, Б.Қарашолақов еңбек дауларының алдын алу және еңбек ұжымдарындағы көтерілген әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешу мақсатында әлеуметтік әріптестермен бірлесіп облыстағы кәсіподақ ұйымы жоқ кәсіпорындар мен мекемелерде кәсіподақ ұйымдарын құру қажеттігін ортаға салды.


Сондай-ақ алқалы жиында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасының міндетін атқарушы Әлия Жолшыбекова салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жамбыл облыстық ұйымының бүгінде атқарып отырған жұмыстары туралы баяндама айтып, бірқатар түйіткілді мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша білім бөлімдеріндегі есепші мамандардың жалақы мөлшерінің аз болуына байланысты қазіргі уақытта осы есепші мамандар тапшы болып тұрғанын және осы мәселені алдағы уақытта шешу қажеттігін облыс әкімінің назарына жеткізді.
Басқосуда «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Гүлмайра Момбекова құрамына облыстың 22 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі бар медицина саласындағы кәсіподақ ұйымының атқарып отырған жұмыстары жайында байындамасы тыңдалды.
Комиссия отырысын қорытындылаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, әлеуметтік-еңбек дауларын болдырмау, еңбекақының уақытылы төленуі мен отырыста көтерілген барлық мәселерлер мен ұсынытар бойынша комиссия мүшелеріне және барлық аудан әкімдері мен тисіті басқарма басшыларына хаттамалық тапсырма беріп, бірқатар міндеттерді жүктеді.