Қызылордада «Жетістіктер алаңы» бос жұмыс орындары және дайын өнімдер жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге облыс әкімінің міндетін атқарушы Данияр Жаналинов қатысты.
Шара жұмыссыз азаматтарға халық үніне құлақ асатын ашық мемлекетті қалыптастыру жолында әлеуметтік сала, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау бағытында азаматтарға берілетін ақпараттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету және жұмыс іздеушілердің жұмыс берушілермен еркін түрде сұхбаттасып, жүздесулеріне ықпал жасау мақсатында ұйымдастырылды.
Шара аясында Солтүстік Қазақстан, Абай, Ұлытау, Павлодар облыстары мен жергілікті жұмыс берушілердің қатысуымен бос жұмыс орындары туралы ақпарат берілді.Сонымен қатар, мемлекеттік қайтарымсыз грант пен шағын несие алған азаматтардың «Қызылордада жасалған» атты дайын өнімдері тұтынушыларға ұсынылды.
Аталған жәрмеңкеде Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы, облыстық маслихат депутаты Мақсұт Нәлібаев, облыстық басқармалар мен қоғамдық бірлестіктер ұйымдарының өкілдері, жергілікті жұмыс берушілер мен Ұлытау, Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген делегация мүшелері және өңірдің тұрғындары, оқу орындарының түлектері қатысып, кеңес беру бұрыштарында азаматтарға түсіндірме жүргізілді.