Қызылордада «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы облыстық филиалы ұйымдастыруымен жыл сайынғы үрдіспен өтетін сала қызметкерлерінің спартакиадасы биыл 56-шы рет ашылды.
Биылғы жылғы атаулы спартакиада Қызылорда облысының медицина саласының ардагерлері облыстық денсаулық сақтау басқармасында ұзақ жылдар бойы бас хирург қызметін атқарған Құлсартов Сағымбай Қарақұлұлы мен бас терапевт қызметін атқарған Ізтілеуов Әділ Ізтілеуұлын еске алуға арналды.
Спартакиадасының салтанатты ашылу рәсіміне аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәулебек Искаков, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Олжас Искаков, медицина саласының ардагерлері, емдеу мекемелерінің басшылары және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының белсенділері қатысты.
Салада тарихи сәттерге айналып келе жатқан дәстүрлі спорттық жарыста сала қызметкерлері 8 түрлі ойындарда күш сынасады. Қызметкерлердің спортпен шұғылдануы, денсаулығын шыңдау және ұжымдастардың командалық рухын көтеру мақсатындағы спартакиада көптеген жылдар бойы өз жеңімпаздарын анықтап, сала қызметкерлері үшін ауқымды мерекеге айналуда. 56-шы рет бастау алған спорттық дода спартакиаданың ашылу салтанатынан соң арқан тарту және эстафета сайыстары өтті.