Қолдау
Көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындар арасында кәсіподақ мүшелері де бар. Ақтөбеде кәсіподаққа мүше 12 тұрғынға тұрмыстық техника алуға сертификаттар табысталды.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин біздің облысқа жұмыс сапары барысында алдымен су тасқынынан зардап шеккен жандармен, сондай-ақ тасқын кезінде тұрғындарға көмек берген еріктілермен, кәсіподақ ұйымының белсенділерімен кездесіп, бір бөлігіне көмек ретінде 100 мың теңгелік сертификаттар табыстаса, екіншілерін «Еңбек озаты» медалімен марапаттады.
Облыстық кәсіподақтар бірлестігінің ғимаратында өткен жиында сөйлеген сөзінде Сатыбалды Дәулеталин:
— Биылғы көктем бізге үлкен сынақ ала келді. Еліміздің көптеген өңірлерінде мыңдаған азамат үй-күйін тастап шығуға мәжбүр болды. Алайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы — азаматтардың амандығы. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды», — деп атап өткеніндей, бүгінгі күні зардап шеккендерге қаржылай және басқа да көмек беріліп, материалдық шығындар өтеліп жатыр. Еліміз бойынша 61 мыңнан астам адам өз үйіне оралып, қазір эвакуациялық орталықтарда 5 мыңнан астам адам қалды. Соңғы деректер бойынша 891 отбасына үйлерін жөндеу үшін 1,9 миллиард теңге көлемінде өтемақы төленген. Баспанасы тұруға жарамсыз болып қалған 239 отбасы жаңа үйлер мен пәтерлерге қоныстанды. Қазіргі күні 873 үй салынып жатыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, кәсіподақ ұйымдары да бұл істен шет қала алмайды. Өйткені бұл — 1,6 миллион мүшесі бар үлкен ұйым, — деп атап өтті.
Алдымен ол ұйым атынан 12 адамға тұрмыстық техника алуға сертификаттар табыстады. Олар — Ойыл, Ырғыз аудандарының, Ақтөбе қаласының тұрғындары. Көпшілігі — қарапайым еңбек адамдары.
Сондай-ақ Сатыбалды Дәулеталин су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсеткен еріктілерді, әскери адамдарды, кәсіподақ қатарындағы белсенділерді «Еңбек озаты» медалімен марапаттады. Барлығы 10 адам марапатқа ие болды, олардың арасында «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының маманы, тұрғындарды көшіру ісіне өз еркімен атсалысқан Еркеболат Тағанов, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің 2-курс студенті, ерікті Мұхамедияр Төреғалиев, Ұлттық ұланға қарасты 6655-әскери бөлімнің 1-атқыштар ротасының командирі, капитан Заңғар Қыдыралы, 20982- әскери бөлімнің сүңгуірлер бөлімшесінің командирі, кіші сержант Олжас Еділхан, т.б. әскрилер, сондай-ақ мейрамхана мен дәмхана иелері бар.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы осы жұмыс сапары барысында Қобда ауданына да барып, облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығында, Бұлақ ауылындағы Әлия музейінде болды. Сонымен бірге Қобда және Ойыл орман шаруашылығы еңбеккерлерімен кездесіп, мұнда да су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 100 мың теңгеден сертификаттар табыстады.
Айна САРЫБАЙ.