Қызылорда және Түркістан облысы кәсіподақтары «Абзал и компания» және «Мағжан и К» серіктестіктеріне тиесілі зауыттарда болып, еңбек ұжымымен кездесті.
Кездесу Түркістан облысы кәсіподақтарының Қызылордадағы тәжірибе алмасу жұмыс бағдарламасына сәйкес ұйымдастырылды.
«Күріш өндірісі – Қызылорда облысының брендіне айналған сала. Абзал и К және Мағжан и К компаниялары аймақта ірі жұмыс берушілер және әлеуметтік жауапкершілік бойынша жоғары ұстанымды серіктестер. Кәсіпорындар республикалық Парыз конкурсы номинациялары иелері» деп таныстырды кәсіпорындарды Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы төрағасы Мақсұт Нәлібаев.
Аталған кәсіпорындар – Сыр елінің мақтанышына айналған күріш және тұз өндірісінің алдыңғы қатарлы өндіруші кәсіпорындары болып табылады.
“Абзал және Компания” толық серіктестігі Қазақстанның күріш өндірісі көшбасшыларының үштігіне сенімді кіреді және тек ел нарығында ғана емес, ТМД елдерінде де өз ұстанымын берік ұстанады.
2024 жылы “Абзал және Компания” ЖМ құрылғанына 30 жыл толады.
“Мағжан и К” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – Қазақстандағы күріш өнімдерінің ірі өндірушісі. Компания 2005 жылдан бері жұмыс істейді, ел бойынша күріш жармасы нарығының ең үлкен үлесін алады және өз өнімдерін экспорттайды.
Кәсіпорындар күріш өндірісмен қатар, тұтынушыларға ас тұзын және тазартылған ауыз су ұсынуда.
Кәсіподақтардың компаниялардағы еңбек ұжымымен кездесу барысында жұмыскерлердің еңбек жағдайлары, мамандардың біліктіліктері мен оны арттыру мәселелері, жас мамандарды әлеуметтік қолдау жағдайлары туралы сұхбат өрбіді. Кәсіпорындар өз мамандарының әлеуметтік ахуалын көтеру, өнімді еңбекке ынталандыру, жастарды қолдау бағыттарында көптеген жобаларды жүзеге асырады.