Кәсіподақтар Федерациясының «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында «Казфосфат» ЖШС-гі ұжымымен кездесу өтті.
Онлайн форматта өткен кездесуді ашқан ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы әр кәсіподақ мүшесіне өзін толғандырып жүрген мәселелерді ашық жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ, Бас кеңестің шешімімен 2024 жыл «Лайықты еңбек жылы» деп жарияланғанын айтты.
Сөз кезегін алған Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов Жамбыл облысындағы кәсіподақ ұйымдарының атқарған жұмыстарына тоқталып өтті.
Отанымыздың химия өнеркәсібі саласындағы «Казфосфат» ЖШС компаниясының алатын орны ерекше, бұл үлкен компанияның құрамында бірнеше ірі филиалдар бар. Бүгінде жалпы компания бойынша 8 мыңға жауық адам жұмыс істейді, оның 7 400 ден астамы кәсіподақ мүшелері. Компанияның негізгі өндірістік қуаттары Жамбыл облысында шоғырланған, сәйкесінше Компанияның операциялық қызметі Тараз қаласында орналасқан. Өндірісінің толық циклінің арқасында «Казфосфат» жоғары сапалы өнімдерді өндіру мен қайта өңдеуден бастап дайындау мен жеткізуге дейінгі барлық процестерді қамтиды. Компанияның негізгі қызметі: геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, фосфорит кенін өндіру және қайта өңдеу, фосфорлы минералды тыңайтқыштар мен жемшөп фосфаттарын өндіру болып табылады.
Онлайн кездесуге компанияның екі ірі филиалының ұжымы қатысты. «Жаңа Жамбыл Фосфор Зауыты» ЖШС мен «Минералды тыңайтқыштар зауыты» ЖШС ұжымдары.
Жаңа Жамбыл Фосфор Зауыты филиалының кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерлан Молдабаевтың айтуынша кәсіподақ ұйымы тарапынан 2023 жылдың 1 сәуір айынан бастап компанияға тиесілі «Көктал» емдеу – сауықтыру кешенінен бөлек Самал, ГРЭС және Мерке шипажайларына жұмыс беруші келісім шартқа отырып 395 кәсіподақ мүшелері емдеу – сауықтыру іс шарасымен қамтылған, кәсіподақ қорынан 6 992 000 тенге, ал жұмыс беруші қорынан 31 600 000 тенге қаражат жұмсалған. Одан басқа 2023 жылдың қаңтар айынан бастап барлық есептеулерді ескере отырып, жұмыс беруші әрбір жұмысшының жалақысына 50 000 теңгеден, ал маусым айынан бастап 30 000 тенгеден қосылған.
Сондай-ақ 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап жұмысшылардың жалақысы тағы 13 пайызға көтерілген.
Сол сияқты, кездесуде қатысқан компанияның кезекті ірі филиалы Минералды тыңайтқыштар зауытының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Юлия Фролованың жұмысшылардың құқығы мен заң мүддесін қорғаудағы атқарып отырған жұмыстары жан-жақты айтылды. Бұл бағытта компания басшылығы тарапынан да, кәсіподақ ұйымы тарапынан да соңғы жылдары көптеген жақсы жұмыстар қолға алынып, оң шешімін табуда. Жұмысшылардың қойып келген талаптары рет-ретімен уақыт талабына сай орындалып келуде.Дегенмен, әлі де шешілмеген мәселелер де көтерілді. Кәсіподақ еңбек ұжымының өкілі ретінде 2023 жылдың шілде айында уақыт талабына сай жаңа Ұжымдық шарт әзірлеп, жасасуды ұсынды, алайда осы күнге дейін Ұжымдық шарт қаралу сатысында тұр. Екінші мәселе, Салалық келісімдегі салалық коэффициентті арттыру бойынша берліген ұсыныстың нақты шешілмеуі айтылды. Тағы бір көтерілген өзекті мәселе, ол зауыттағы зияынды жұмыс орнында ондаған жылдар бойы еңбек етіп, басқа жұмысқа ауысуына орай соңғы 84 айда кәсіби жарнасының толық болмауына байланысты 55 жаста зейнетке шығу мүмкіндігінен айырылуылары орынды сұрақ тудырып отырғаны да айтылды.
Өз кезегінде Нұрлан Өтешев айтылған проблемалар бойынша, тиісті Министрлікпен және басқа да құзырлы ұйымдармен байланысып, жауабын кәсіподақ өкілдеріне жеткізетінін айтты.