Еңбек ұжымы Ұжымдық шарт жасасу мәселесін талқылады

«Гежуба Шиелі цемент» зауытының жұмыскерлері жұмыс берушімен Ұжымдық шарт жасасу мәселесін талқылады. Ұжымдық талқылауға «Yntymaq» салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Марат Бәйімбетов пен облыстық кәсіподақтар орталығының бас маманы Майра Боранбаева қатысты.

Кәсіподақ өкілдері еңбек заңнамасы мен Кәсіподақтар заңы аясында түсіндірмелер жүргізіп, кәсіпорындағы әлеуметтік әріптестіктің құқықтық құралы -Ұжымдық шарт жасасудың маңыздылығы мен тәртібі туралы айтты. Жұмыскерлер кәсіподақ қатарында болу тиімділігі, кәсіподақтардан құқықтық көмек алу тәртібі, ұжымдық келісімнің құзіреті мен орындалу жауаптылығы туралы сұрақтарды қозғап, түсіндірме алды.

Кәсіпорын жұмыскерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасы Қуаныш Әбдиев жасалып жатқан Ұжымдық шарт жобасы бойынша ақпаратпен бөлісіп, құқықтық құжатты жасасу барысы жайлы жұмыскерлер мен облыстық кәсіподақ өкілдерімен пікір алмасты.


Компания директорының орынбасары Алмат Молдабаев өз кезегінде ұжымдық келісім жасасудағы жұмыс берушінің ашық келіссөздік ұстанымдарын жеткізді.
Жұмыскерлердің еңбек-әлеуметтік жағдайлары бойынша тараптар арасындағы құқықтық құжат заң тәртіптеріне сәйкес мерзімде жақында қабылдануы тиіс.