Кәсіподақ жетекшілері мектебінің кезекті семинарында кәсіподақ жетекшілері мен кәсіподақ белсенділері қаржылық қызметтің негізгі аспектілерін зерделеді.
Онлайн кездесуді аша отырып, ҚР Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыру және бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова семинардың барысымен таныстырып, еңбек адамдарының мүдделері мен беделін жан-жақты қорғау мақсатында кәсіподақ мүшелерінің жан-жақты сауатты болуының маңыздылықтарына тоқталып, осы орайда кәсіподақ мүшелерін өзара белсенді қатынасуға шақырды.
ҚРКФ лекторлар пулының мүшесі, Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің республикалық салалық кәсіподақ ұйымының бас есепшісі Ләззат Нарымбаева кәсіподақ ұйымдарындағы бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілікті жасау тәжірибесімен бөлісті.
Дәріскер кәсіподақ ұйымдарындағы қаржылық жұмыс, қаражатты қалыптастыру мен пайдаланудың негізгі принциптері, қаржылық жұмыс пен бухгалтерлік есепті ұйымдастыру, сондай-ақ салық салу ерекшеліктері туралы баяндады.
«Кәсіподақ ұйымдары мүшелік жарналарды жинау мен аударудың бірыңғай тәртібі белгіленген кәсіподақ Жарғысына сәйкес, сондай – ақ бухгалтерлік есепті жүргізуді және қаржылық есептілікті жасауды регламенттейтін қолданыстағы нормативтік құжаттарға сәйкес бухгалтерлік есепті жүргізуі тиіс», – деп атап өтті спикер.
Баяндамада лектор кәсіподақ ұйымының қаржылық саясатын жетілдіру және қаржылық тәртіпті нығайту арқылы кәсіподақ қызметінің тиімділігін арттырудың маңыздылығына баса назар аударды.
Семинар барысында қатысушыларға қаржылық құжаттама мен есептілікті жүргізуге, кәсіподақ мүшелеріне материалдық және өзге де көмекті дұрыс рәсімдеуге қатысты толық ақпарат берілді.
Қатысушылар үшін семинар білім қоржынын толықтыруға, тәжірибе алмасуға, сұрақтар қоюға және кәсіподақтың қаржылық жұмысының түрлі бағыттары бойынша жауаптар алуға мүмкіндік болды.
Семинарға қатысқан кәсіподақ өкілдері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына оқытуды ұйымдастырғаны үшін, сонымен қатар дәріскерлерге оқыту семинарларын жоғары кәсібилікпен өткізгенін атап өтіп, алғысын білдірді.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы