Женева қаласында өтіп жатқан ХЕҰ Халықаралық еңбек конференциясының 112-ші сессиясы аясында Төраға Сатыбалды Дәулеталин бастаған ҚР Кәсіподақтар федерациясының делегациясы ХЕК пленарлық отырыстары мен комитеттеріне белсенді қатысуда.
5 маусымда басты іс-шара – конференцияның пленарлық сессиясы өтті. Оның барысында Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас директоры Жильбер Унгбоның «Жаңартылған қоғамдық келісімшартқа жету жолында» баяндамасы талқыланды.
Құжатта әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, оның ішінде барлық қызметкерлер үшін лайықты еңбек және әлеуметтік қорғау жүйесіне жалпы қолжетімділік қажет екендігі дәйекті түрде жеткізіледі.
Жильбер Унгбо ХЕҰ-ның болжамдары жаһандық жұмыссыздық деңгейі 2024 және 2025 жылдары 4,9 пайызды құрайтынын, бұл 2023 жылы тіркелген 5 пайыздан аз ғана төмендегенін мәлімдеді. Дегенмен, дағдарыстар бұл жетістіктерге қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті.
Өз баяндамасында ХЕҰ басшысы біржақты идеяларды білдірмейді, әлеуметтік әділеттілікті тұрақты бейбітшіліктің, ортақ істің гүлденуі мен тең мүмкіндіктердің негізіне айналдыру бойынша жемісті келіссөздерді ынталандыруға бағытталғанын айтты.
Кездесу барысында Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы атынан ХЕҰ Бас директорының баяндамасында айтылған бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
Оның айтуынша, баяндамада қамтылған ұсыныстар әлеуметтік әділеттілікті ілгерілету, кемсітушілікке жол бермеу, кірістерді әділ қайта бөлу, қоршаған ортаны құрметтеу және т.б. мәселелерде шешуші қадамдар жасауға негіз болады.
«Баяндамада айтылғандай, әлеуметтік әділеттілікке ұмтылу еңбек саласы шеңберінде ғана емес, жалпы өмірде әлдеқайда күрделі сипат алады. Біз баяндаманың негізгі идеясын қолдаймыз. Яғни әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізу үшін адам игілігіне бағытталған қоғамдық шарт институтын дамыту және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету қажет, бұл өз кезегінде өңірлік және жаһандық деңгейлерде әлеуметтік-экономикалық жүйелердің үдемелі экономикалық өсуіне және орнықты дамуына ықпал ететін болады деген сенімдеміз», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Ол халықаралық деңгейде қоғамдық шарттың үш жақты көрінісі халықаралық еңбек нормаларын белгілеу және ілгерілету арқылы лайықты еңбек пен әлеуметтік әділеттілікке жету жолындағы ХЕҰ-ның мандаты болатынын айтты.
Әлеуметтік әділеттілік қағидаттарымен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин лайықты еңбектің 4 негізгі аспектісін атап өтті: толық және нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, әлеуметтік қорғау, әлеуметтік диалог және трипартизм, еңбек саласындағы негізгі қағидаттар мен құқықтар.
«Тиімді Әлеуметтік диалог пен трипартизм- қоғамдық келісімдерді құру және жаңарту құралы, сонымен бірге олардың мақсаты. Жаңа сын-тегеуріндер жағдайында әлеуметтік серіктестік әлеуметтік келісімшарттың негізі бола отырып, республикалық және өңірлік деңгейде әлеуметтік-еңбек саласындағы көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Әлеуметтік диалог жалпыәлемдік тетікке айналуға арналған. Ол барлық деңгейлерде және секторларда, соның ішінде жаһандық жеткізу тізбегінде, цифрлық өндірісте, платформалық экономикада, қашықтан еңбек жағдайында ұжымдық келіссөздерді қамтуы керек . Жалақының барабар мөлшерін белгілеу, еңбек жағдайларын жақсарту, нәтижелі еркін таңдалған жұмыспен қамтуға қол жеткізу арқылы еңбек саласында жалпыға бірдей қорғауды қамтамасыз ету үшін шешуші үлес болуы тиіс», – деп есептейді ҚРКФ басшысы.
Қазақстан кәсіподақ қозғалысы ХЕҰ-ның жалпыға бірдей еңбек кепілдігін орнату туралы үндеуіне қолдау білдіретінін айта отырып, Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясының ХЕҰ Жұмысшылар бюросымен халықаралық стандарттарды ілгерілету, сондай-ақ Қазақстан Республикасында лайықты еңбектің жаңа елдік бағдарламасын әзірлеу жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға ниетті екенін айтты.
«Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы әрқашан әлеуметтік серіктестермен еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай – ақ әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету үшін сындарлы диалогты қолдайды», – деп толықтырды Сатыбалды Дәулеталин.
Конференция аясында қазақстандық Кәсіподақтар федерациясы делегациясының халықаралық ұйымдар мен ұлттық кәсіптік орталықтардың өкілдерімен бірқатар жұмыс кездесулері өтті.
Орталық Азия елдері кәсіподақтар кеңесінің Ұлттық кәсіптік орталықтары көшбасшыларының қатысуымен өткен кездесуде ACTRAV/ХЕҰ директоры Мария Хелена Андре және Орталық Азия және Шығыс Еуропа секторының меңгерушісі Сергеюс Гловацкаспен ХЕҰ сессиясының күн тәртібіндегі мәселелер, сондай-ақ ХЕҰ-ның Орталық Азия өңіріндегі халықаралық еңбек стандарттарын ілгерілету қызметі талқыланды.
Кеңес шеңберінде ұлттық кәсіптік орталықтармен жүргізіп жатқан жұмыс туралы айта келе, ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің V отырысы қарастырған мәселелерді еске салды. Онда трансұлттық корпорацияларда лайықты еңбекті ілгерілету және ТҰК жұмыс берушілерін әлеуметтік әріптестікке тарту жөніндегі қадамдар талқыланған еді.
Мария Хелена Андре ОАЕКК ұлттық кәсіподақ орталықтарының ашық диалогқа дайындығын жоғары бағалады және еңбек жағдайларының стандарттарын арттыру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ниетті екеніне сендірді.
Еске салайық, Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесі мен ACTRAV/ХЕҰ Жұмысшылар бюросы мүшелері арасында алғаш рет осындай форматтағы келіссөздер өткен жылдың маусым айында Женева қаласында ХЕК 111-сессиясы аясында өткен болатын.
Сол күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының делегациясы мен ОАЕКК-ның басқа да мүшелерінің ХЕҰ-ның Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Беат Андрееспен кездесуі өтті.
Қатысушылар ХЕҰ-ның Еуропа және Орталық Азия елдеріндегі қызметі мәселелерін, сондай-ақ лайықты еңбектің елдік бағдарламаларын енгізу және іске асыру жөніндегі шараларды талқылады.
Осы тұрғыда халықаралық сарапшылар Қазақстанның әлеуметтік әріптестігінің барлық тараптарының Конференция аясында өтетін Халықаралық еңбек ұйымымен лайықты еңбекке жету мақсатында Жол картасына қол қою туралы шешімдерін құптады.
Кездесулердің қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың алдағы жоспарларын белгілеп, барлық жұмысшылар үшін лайықты, әділ және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау тұрғысынан халықаралық диалогтың маңыздылығын атап өтті.
Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы