Маусым айының 7 күні Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының ұйымдастыруымен «Еңбек қатынастарын реттеу мәселелері. Еңбек қатынастарындағы жанжалдарды реттеудегі медиациялық тәсіл» тақырыбында оқыту семинары өткізілді. Шара спикерлері Батыс Қазақстан облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасының мемлекеттік инспекторы – Жунусов Уап Киикбаевич және «Халықаралық медиация орталығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚО бойынша өкілдігінің жетекшісі Пруденцано Мира Амангельдиевна.
Жиынға салалық және жергілікті кәсіподақтардың басшылары, заңгерлері мен мамандары қатысты. Кеңес барысында спикерлер өз тәжірибесіндегі үздік медиациялық кейстермен бөлісіп, еңбек дауларының түрлері оларды шешу жолдарын атап өтті.
Қазақстанда «Медиация туралы» Заң 2011 жылғы 5 тамызда күшіне енді және ҚР-да медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған, оның принциптері мен өткізу рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды. Медиацияның негізгі қағидаттары еріктілік, құпиялылық, өзара сыйластық, тараптардың тең құқылығы,медиатордың бейтараптығы мен әділдігі, рәсімнің ашықтығы болып табылады.
Уақытылы көрсетілген құқықтық көмек, көптеген түйткіл мәселелердің, еңбек дауларының оң шешілуі арқасында кәсіподаққа деген сенімнің деңгейі көтеріліп, сотқа дейінгі және сот органдарына шағымдар азаюда.
Шара соңында қатысушылар спикерлерге өз сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Алдағы уақытта серіктестік жалғасын тауып, бірлескен жобалар қатарын арттыру жоспарланды.