Қазақстан мен Қытай кәсіподақтары ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

6 маусымда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған делегация Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас директоры Жильбер Унгбоның Халықаралық еңбек конференциясы 112-сессияға қатысушылармен кездесуіне қатысты.

ХЕҰ басшысы конференция делегаттарын Халықаралық еңбек ұйымының негізгі қызметі туралы хабардар етті және жаңа әлеуметтік келісімшарттың құндылықтарын бірлесіп ілгерілету мақсатында үшжақты әлеуметтік диалогты дамытудың маңыздылығына тоқталды.

Конференция аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталинн мен Бүкілқытайлық кәсіподақтар федерациясы (ACFTU) төрағасының орынбасары Вэй Дичуньнің кездесуі өтті.

Тараптар еңбек саласының ағымдағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың ұлттық кәсіптік орталықтарының екіжақты ынтымақтастығын дамыту бағыттарын талқылады.

«Ұзындығы 1700 шақырымнан асатын шекара екі халық арасындағы көршілік пен достықтың көпіріне айналды. Біз көршілес мемлекеттер ретінде тәжірибе және ақпарат алмасу мақсатында өзара іс-қимыл жасап, еңбекшілердің еңбек, экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелерінде ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ұмтыламыз», – деді ҚРКФ төрағасы.

Тәжірибе алмасуды жалғастыру ниетімен ҚРКФ төрағасы қытайлық әріптестерді Қазақстанға шақырып, қазақстандық-қытайлық кәсіпорындарда жұмыс істейтін кәсіподақ ұйымдарының қызметімен және олардың әлеуметтік әріптестік тәжірибесімен танысуға ұсыныс білдірді.

Өз кезегінде Бүкілқытайлық кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Вэй Дичунь қазақстандық әріптесіне алғыс айтып, достық пен өзара көмектің іргетасын нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

«Бүкілқытайлық Кәсіподақтар федерациясы жұмысшылардың еңбек жағдайын басты назарда ұстайды. Біз Қазақстан кәсіподақтарымен халықаралық байланысты орнатуға ниеттіміз. Қытай мен Қазақстан кәсіподақтары – ортақ мақсаттары мен басымдықтары бар жақсы серіктестер. Қытай кәсіподақтары Қазақстан Кәсіподақтар федерациясымен достық қарым-қатынасты жоғары бағалайды және екі ел еңбекшілерінің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған күш-жігерді біріктіруді құптайды», – деді Вэй Дичунь.

Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Қытай кәсіподақтарының екіжақты ынтымақтастығын кеңейту және еңбекшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, лайықты еңбек пен әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын қамтамасыз ету бойынша кәсіподақ идеяларын бірлесіп ілгерілету ниетін растады.

Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы