Халықаралық еңбек ұйымының Женева қаласында өтіп жатқан Халықаралық еңбек конференциясы аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Халықаралық еңбек Ұйымының (ХЕҰ) Бас директоры Жильбер Унгбо мен Қазақстанның әлеуметтік әріптестерінің келіссөздеріне қатысты. Тараптар Қазақстандағы еңбек қатынастарын және халықты әлеуметтік қорғауды дамыту шараларын, сондай-ақ одан әрі ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Бас директор ХЕҰ мен Қазақстан ынтымақтастығының стратегиялық маңызы зор екенін мәлімдеді.
Ол Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы елеулі өзгерістерін жоғары бағалады және елдегі демократиялық процестердің дамуындағы елеулі прогресті атап өтті.
Жильбер Унгбо елдік бағдарламаларды қабылдау және ұлттық заңнамаға халықаралық стандарттарды енгізу арқылы әлеуметтік әріптестікті нығайту және әділ еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды.
«Қазақстанның әлеуметтік әріптестерімен кездесу – еңбек саласындағы ынтымақтастықты нығайту бағытындағы маңызды қадам. Біз Қазақстанның еңбек саласын жақсарту және жұмысшылардың құқықтарын қорғау жөніндегі күш-жігерін қолдаймыз», – деді халықаралық ұйым басшысы.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік-еңбек саласын жақсарту мәселелерін жоғары бағалаған Жильбер Унгбоға алғысын білдіріп, ХЕҰ жариялаған жаңа әлеуметтік келісімшарт идеяларын ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.
Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ қозғалысының қызметімен, сондай-ақ еліміздегі лайықты жұмыспен қамту қағидаттарын ілгерілету жағдайымен танысу үшін Жильбер Унгбоны Қазақстанға шақырды.
ҚРКФ төрағасы атап өткендей, Қазақстан еңбекшілерінің мүдделерін қорғаудағы маңызды қадам 2024-2026 жылдарға арналған Бас келісімге қол қою болды. Құжатта ХЕҰ-ның 9 конвенциясын ратификациялау мәселелерін қоса алғанда, лайықты еңбек қағидаттарын іске асыру мақсатында тараптардың бірлескен міндеттемелері бекітілген.
Бас келісім ХЕҰ-ның №102 «Әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы», №131 «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып ең төменгі жалақыны белгілеу туралы», №132 «Ақылы демалыстар туралы», №154 «Ұжымдық келіссөздерге жәрдемдесу туралы», №161 «Еңбек гигиенасы қызметтері туралы», №173 «Кәсіпкердің төлем қабілетсіздігі жағдайында еңбекшілердің талаптарын қорғау туралы», № 176 «Шахталардағы еңбек қауіпсіздігі және гигиенасы туралы», №184 «Ауыл шаруашылығындағы еңбек қауіпсіздігі және гигиенасы туралы», №190 «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалауды жою туралы» конвенцияларын ратификациялау шарттары мен рәсімдерін іске асыру бойынша бірлескен іс-қимылдарды қарастырады.
«Бас келісім шеңберінде әлеуметтік әріптестер лайықты ақы төлеуді, әлеуметтік кепілдіктерді, оқытуға және біліктілікті арттыруға қолжетімділікті және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ететін сапалы жұмыс орындарын құруға бағытталған бірлескен міндеттемелер қабылдады. Өткен жылы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын әзірлеу бойынша әлеуметтік серіктестермен бірлесіп көптеген жұмыстар атқарылды. Тәуекелге негізделген модельді қолдануға бағдарланған Тұжырымдаманы іске асыру өндірістік жарақат алу деңгейін, еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар санын және зиянды және қауіпті еңбек түрлері бар жұмыс орындарының санын азайтады деп үлкен үміт артамыз», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов, өз кезегінде, Қазақстанның әлеуметтік-еңбек саласының дамуы аясында әлеуметтік әріптестер арасындағы ынтымақтастықтың сапасы мен тиімділігін атап өтті.
Ел қабылдаған халықаралық міндеттемелерді сақтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айта отырып, ол ХЕҰ-ның №129 «Ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы туралы» конвенциясын және өнеркәсіп пен саудадағы еңбек инспекциясы туралы №81 конвенцияны жүзеге асыруда айтарлықтай ілгерілеушілік бар екенін атап өтті.
Оның айтуынша, қазір Қазақстанда мемлекеттік еңбек инспекциясын орталық мемлекеттік органның құзырына беруді көздейтін заңнамалық түзетулер қабылдануда.
Еңбек инспекциясын жергілікті атқарушы органдардан Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беру нәтижесінде мемлекеттік еңбек инспекциясы бойынша жеке департамент құрылып, сол арқылы еңбек заңнамасының сақталуына бақылау күшейтілетін болады.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік еңбек инспекциясын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарамағына беру мәселесін Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестіктің түрлі алаңдарында бірнеше рет көтерген болатын.
Кездесу барысында Халықаралық еңбек ұйымы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және «Парыз» жұмыс берушілердің Ұлттық конфедерациясы арасындағы Қазақстанда лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі Жол картасына қол қоюдың маңыздылығы айтылды.
Кездесуге қатысушылар құжаттың қабылдануы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беретінін, сондай-ақ әлеуметтік әріптестікті дамытуға, әділ еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, әлеуметтік қорғау мен экономикалық өсуге ықпал ететінін атап өтті.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы